Ертең Әлем чемпионаты басталады

824

0

Жұмыр жер бетіндегі жұртшылық Катар жерінде өтетін футболдан әлем чемпионатын асыға күтіп отыр. Әлем чемпионатының алғаш рет жалауын желбіреткеніне енді санаулы жылдан кейін бір ғасыр толады. Биылғы доп додасын өткізуге таңдау Таяу Шығыс аймағында орналасқан шағын мемлекетке түсті. Бұл – аталған аймақта өткізілетін тұңғыш доп додасы. Ал Азияда екінші рет болады. Еске салсақ, 2002 жылы әлем кубогін Жапония мен Оңтүстік Корея өздерінде қабылдаған еді.

Алдымен Катар мемлекеті жайында сөз қозғасақ, олардың негізгі байлығы – мұнай. Алдын ала есептеу бойынша оның табиғи қоры – 778 млн тонна деп бағаланады. Елдегі ұлттық табыстың 90%-ы аталған саладан құйылып тұр. Сондай-ақ, бұл мемлекетте «қара алтыннан» өзге табиғи газ өндіріледі. Оған қоса балық аулау ісі де жоғары деңгейде жолға қойылған. Ел тұрғындарының 35%-ы өнеркәсіпте, 3%-ы ауыл шаруашылығында, 60%-ы қызмет көрсету салаларында еңбек етеді. Жерінің 0,7%-ы ғана ауыл шаруашылығына ыңғайлы.

1971 жылы Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған Катар табиғи газ қоры жөнінен алдыңғы үштікке кіреді. Сондай-ақ, мұнай экспорты жөнінен алдыңғы орында тұр. Жазы ыстық. Бір қызығы, бұл мемлекетте бірде-бір тұрақты өзен жоқ. Елдің басым бөлігін шөлді аймақтар алып жатыр. Тұщы су айдындары жетіспейді. Соның салдарынан катарлық тұрғындар теңіз суын тұщыландыруға мәжбүр. Тұрғындардың 99%-ы қалада тұрады, оның түгелге дерлігі ел астанасы – Дохада.

Араб тілі ресми мәртебе иеленген. Ел тұрғындарының 40%-ы арабтар болса, қалғанын Үндістан және Пәкістаннан келген келімсектер құрайды. Онда азық-түліктің барлығы өзге елдерден жеткізіледі. Жастар араб тілінен өзге ағылшын тілінде де еркін сөйлей алады.

2010 жылы FIFA Катарға 2022 жылғы Әлем чемпионатын өткізу құқығын берді. Содан бері ұйымдастырушылар биылғы 20 қарашада басталатын турнирге дайындалу үшін жүздеген миллиард доллар жұмсаған.

Әлем баспасөзі адам құқықтарын қорғау ұйымдары стадиондарды салуға келген еңбек мигранттарының қаза болуы және қиянатқа ұшырауы жөнінде жиі дабыл қақты. Осыған байланысты  FIFA  басшысы Джанни Инфантиноға хат жолданып, доп додасына дайындық кезінде көз жұмған азаматтардың отбасыларына өтемақы төлеуге шақырды.

Айта кетсек, футболдан Әлем кубогі 1930 жылдан бері тұрақты түрде төрт жылда бір рет өтіп келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан 1942, 1946 жылдары ұйымдастырылған жоқ. Қазірге дейін 8 құрама кубокті төбесіне көтерді. Олардың 5-уі Еуропада орналасса, 3-і Оңтүстік Америка құрлығында.

Сонымен, биылғы доп додасының ерекшелігі алғаш рет қыс мезгілінде өтуі. Ойындар 5 қалада орналасқан 8 стадионда болады. Катар дүбірлі доданы ұйымдастыруға өтініш берген уақытта елде небәрі бір стадион бар болатын. Қазірге дейін жаңадан 7 стадион бой көтеріп, 100-ден аса қонақүй мен қаншама шақырым жол салынды. Бірқатар ақпарат көздерінде жарысты ұйымдастыруға 200 млрд доллар жұмсағаны айтылуда. Ендеше, айтулы аламан өткізу аталған мемлекетке өте қымбатқа түскенін болжау қиын емес.

Катар футболдан Әлем кубогіне алғаш рет қатыспақ. Бұл ел Әлем чемпионатын ұйымдастырушы ретінде жарысқа іріктеусіз жолдама алған. Канада 1986 жылдан бері, Уэльс 1958 жылдан бері алғаш рет Әлем чемпионатында ойнайды. Италия құрамасы екінші рет қатарынан Әлем біріншілігіне жолдама ала алмай қалды. Италия 2020 жылғы Еуропа чемпионатын жеңгенімен, Катардағы Әлем біріншілігіне өте алмады.

Биылғы Әлем чемпионатында Леонель Месси (Аргентина), Криштиану Роналду (Португалия), Килиан Мбаппе, Карим Бензема (екеуі де – Франция), Кевин де Брейне (Бельгия), Роберт Левандовски (Польша), Жуниор Винисиус, Неймар (екеуі де – Бразилия), Лука Модрич (Хорватия) сынды жұлдыздар жанкүйер алдында өз шеберлігін паш ете алады.

FIFA мәліметінше, Әлем кубогінің жүлде қоры – 440 млн доллар. Жеңімпаз тұғырына көтерілген құрама 42, күміс жүлдегер – 30, 3-орын иегері 27 млн долларға қол жеткізеді. Ал 4-орын иегері 25, 5-8 орын алғандардың әрқайсысы 17, 9-16 орын аралығында болғаны 13, 17-32 орындағылар 9 млн доллардан алады. Оған қоса Әлем чемпионатына жолдама алған елдерге турнир алдында дайындық үшін 1,5 млн доллардан берілген.

Халықаралық сарапшылардың 46%-ы Бразилия бас жүлдеден негізгі үміткер қатарына қосып отыр. Одан кейінгі орындарда Аргентина (15%), Франция (14%), Германия (7%), Англия мен Бельгия (5%) құрамалары тұр.

Сондай-ақ, букмекерлік кеңселердің болжамы бойынша да Бразилия (21%) – басты фаворит. Одан кейінгі кезекте Аргентина, Франция, Англия, Испания, Германия, Нидерланд, Португалия, Бельгия бар.

Топтық кезең 20 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтсе, 1/8 финал 3-6 желтоқсанда болады. Құрамалар ширек финал ойындарын 9-10 желтоқсанда өткізеді. Ал жартылай финал 13-14, 3-орын үшін ойын 17, финал 18 желтоқсанға белгіленген.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<