Ержанның ерлігі

394

0

Кеше түс кезінде әлеуметтік желіде полиция майорының суға кету қаупі төнген адамды құтқарған бейнежазбасы таралды. Оқиға Жалағаш кентінен 3 шақырым қашықтағы «Северный» каналында болған. Каналдағы су деңгейін көруге барған Жалағаш кентінің тұрғыны Данияр Бекбайдың аяғы тайып кеткен екен.

Сол сәтте Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Ержан Абдраманов ерлікпен оны судан алып шыққан. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлерге табыстаған. Қазір Данияр аудандық ауруханада тексеруден өтуде. Жағдайы бірқалыпты.

«Судағы адамды құтқарған бейнежазбаны көрдім. Ол өз өмірін қатерге тігіп, жігітті жағаға алып шықты. Біз үшін әр адамның өмірі қымбат. Дер уақытында шешім қабылдау, әрекет ету арқылы майор Ержан Абдраманов адам өмірін құтқарып қалды. Ол дәл сол сәтте ерлік жасайын, елге танылайын деп ойламағаны анық. Бұл бейнежазба желіде тараған соң ғана ел білді.

Сын сағатта, қоғамның тыныштығын сақтауда осы сияқты қаншама ерлік жасалуда. Оның бәрі жарияланбайды, бірақ адамды аман алып қалу үшін кез келген полиция қызметкері дер кезінде осындай батыл шешім қабылдай алуы тиіс.

Маусым басталысымен күн ысыды. Судағы жазатайым оқиғалардан сақтанайық, ағайын. Ал полиция майоры Е.Абдрамановқа өз қызметіне адалдығы үшін алғыс айтамын», – деп жазды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Facebookтегі жеке парақшасында.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<