Еселі еңбегімен еленген қайраткер

533

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өңір тарихында өзіндік орны бар, Ұлы Отан соғысының ардагері, ғибратты ғұмыр иесі Ғафур Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Еселі еңбегімен еленген қайраткер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға сала басшылары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, облыстағы зиялы қауым, ардагерлер және Ғ.Мұхамеджановтың туыстары, ұрпақтары қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қайраткер Ғ.Мұхамеджановтың өз уақытында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы атқарған еселі еңбегіне тоқталды.

– Аймағымыздың шежіресінде толағай болмысты, нар тұлғалы азаматтардың есімі әрдайым құрметпен аталады. Сондай ағаларымыздың бірі – елжанды азамат, Сыр перзенті, ғибратты ғұмыр иесі Ғафур Мұхамеджанов. Ол қасиетті Сыр топырағында дүниеге келіп, өз дәуіріндегі барлық тарихи оқиғаның бел ортасынан табылды. Совет, партия басшылығында болып, Шиелі және Жаңақорған аудандарының тізгінін ұстады. Тынымсыз еңбек, жоғары талап, іске деген адалдық ағамыздың рухани тағылымының тамыры терең, діңгегі мықты екенін көрсетті.

Аймақтың бүгінгі бет-бейнесінің қалыптасуы мен дамуына Ғафур Мұхамеджановтың қосқан орасан зор үлесі бар. Аға буынның елі үшін жасаған еңбегі мен ерлігі жас ұрпаққа мирас болып қалуы тиіс. Парасат-пайымы биік тұлғаның жарқын бейнесі, бекзат болмысы ешқашан ұмытылмайды, елімен бірге мәңгі жасай береді, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында облыстық мәслихат төрағасы, конференцияның модераторы Мұрат Тілеумбетов Парламент Сенатының депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, академик, заң ғылымдарының докторы Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлының Ғафур Мұхамеджановтың 100 жылдығына арнаған құттықтауын оқыды.

Бұдан әрі конференцияның күн тәртібіне сәйкес қайраткердің тұлғасын танытып, болмысын ашатын баяндамаларға кезек берілді. Саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір өз сөзінде Ғафур Мұхамеджановтың қандай да бір мәселе туындаса, жан-жақты қарап, шұғыл шешім қабылдайтынын, қажет болған жағдайда министрлік деңгейіне дейін көтеріп, елдің, жердің жайына ерекше жауаптылықпен қарайтынын айтты. Сонымен қатар, отбасында бала тәрбиесіне де барынша көңіл бөліп, бүгінде ізінен ерген ұрпағы әр саланың білікті маманы ретінде қоғамға қалтқысыз қызмет етіп жүргенін атап өтті.

Қызылорда облысының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаевтың баяндамасында Ғ.Мұхамеджановтың сол бір қиын-қыстау кезеңде елдің ынтымағын ұйытып, көптеген іргелі істерге бастамашы болғаны айтылды.

Саяси ғылымдар докторы, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы есімі ел-жұртының жадында қалған қайраткер Ғ.Мұхамеджановтың адами асыл қасиеттерін айрықша атап өтті. Ал тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыбек Мыңжас ел тарихындағы еңселі тұлғалардың есімін жаңғыртып, еңбегін дәріптеуге байланысты дәйекті ойын ортаға салды.

Қорыта айтқанда, конференцияда биік адамгершілігімен, адал еңбегімен артында өшпестей із қалдырған Ұлы Отан соғысының ардагері, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Ғафур Мұхамеджановтың адамгершілік болмысы биіктеп, жарқын істері жан-жақты дәріптелді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<