Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде кезекті семинар өтті. Бұл жолғы аудиторияны жанармай құю стансаларының өкілдері және алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясы бар тұлғалар құрады.
Талқыланған тақырыптың біріншісі «Жанармай құю стансаларына бақылау есеп құралдарын қоюды ендіру» болды. 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, мұнай базаларында міндетті түрде есепке алатын бақылау аспаптарын орнату талабы жойылды, ал жанармай құю стансаларына аталған есептеу құралдарын қою мерзімі өзгертілді. Яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай құрылғылар астана мәртебесі бар, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар аумақтардың жанармай құю стансаларында орналасу керек. Ал 2021 жылдан бастап мұндай міндеттеме барлық елді мекендердегі автожанармайқұю стансаларына қолданылатын болады.
Екінші тақырыппен семинар қатысушыларына алкоголь өнімін сату құқығын беретін лицензиялық алым туралы түсіндірілді.
Бұған дейін лицензиялық алым лицензия алғанда және одан кейінгі жылдан бастап жыл сайын төленетін.
Салық кодексінің жаңа нұсқасында жекелеген қызмет түрлерімен айналысу үшін лицензия пайдалану туралы арнайы тарау енгізілген. Қазіргі жағдайда лицензиялық алым тек лицензия алғаны үшін төленеді. Жыл сайынғы лицензияық алым төлемақыға ауыстырылды. Төлемақы мөлшерлемелері 10 айлық есептік көрсеткішке төмендетілді.
Және есептеу мен төлеу тәртіптері де өзгерді. Төлемақы жылына 4 рет тең үлестермен төленетін болады. Яғни, төлемақы төлеушілер төлемақы сомаларын өзінің тұрған жері бойынша ағымдағы жылғы 25 наурыздан, 25 маусымнан, 25 қыркүйектен және 25 желтоқсаннан кешіктірмей тең үлестермен жыл сайын төлейді.
Егер лицензияны пайдалану кезеңі бір жылдан аз болса, бір жылға есептелген төлемақы сомасын он екіге бөлу және бір жылда лицензия пайдаланылған (толық немесе толық емес) айлардың тиісті санына көбейту жолымен төлемақы сомасын айқындауға болады. Бұл ретте лицензия алу кезінде төлемақы төлеу жөніндегі міндеттеме лицензия алған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдан бастап туындайды.
Б.Орданова,
Қызылорда облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<