Мен есірткіге қарсымын, себебі мен дені сау, білімді, елге пайдалы азамат болғым келеді. Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу, кітап оқу және пайдалы істермен шұғылдану — жарқын болашақтың кепілі.
Есірткі — адам өміріне, денсаулығына және болашағына зор қауіп төндіретін қауіпті дерт. Ол тек бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның дамуына кері әсер етеді. Сондықтан әрбір жасөспірім есірткінің зиянын терең түсініп, одан аулақ болуы тиіс.
Есірткі адам ағзасын біртіндеп улап, жүйке жүйесін бұзады, ойлау қабілетін төмендетеді. Оны қолданған адам оқуынан, отбасынан, достарынан алыстап, өмірдегі мақсатын жоғалтады. Көп жағдайда есірткіге тәуелділік қылмысқа, заң бұзушылыққа және қайғылы жағдайларға алып келеді.
Ең қауіптісі — есірткі адамның ерік-жігерін жойып, болашағын жоққа шығарады. Арман-мақсат, мамандық, отбасы, денсаулық — барлығы бір сәттік «қызықтың» құрбаны болады. Сондықтан «жоқ» деп айта білу — нағыз батылдық пен саналы таңдау.
Әрбір жасөспірім өз өмірі үшін жауапты екенін ұмытпауы керек. Есірткісіз өмір — бақытты өмір!
Мерей Ғалымжан,
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей оқушысы





