Есірткісіз өмір ғажайып

1012

0

                        «Қызылорда  ОПД  ЕҚҚІҚБ  тарапынан жарияланған байқауға»


 Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ошағы. Әрбір адам баласына отбасы өте қажет. Оны басқа еш нәрсемен алмастыруға болмайды. Әр адамның отбасында туған-туысқа, жақындарыңа деген ыстық сезімдер, сүйіспеншіліктер, жылы қарым-қатынастар орын алады. Әр бала отбасында ата-ананың қылықтарын қайталап өседі. Ал, егер де балаға ешқандай тәрбие берілмесе, әкенің ақылын, ананың аялы алақанын сезінбесе, бұл бала жылуды сырттан, өзін қоршаған ортадан, кездейсоқ достарынан алады. Нәтижесінде ол ішімдікке салынып, шылым шегіп, есірткіге әуестенеді.
Қазіргі кезде етек алған нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Дүниежүзі елдерін жайлаған нашақорлық  дерті күн сайын тамырын тереңге  жайып барады.Уақыт өткен сайын бұл ауру  тарап, асқынып, қоғамымызды жаулап алуда. Оның бір себебі – жоқшылық, жұмыссыздық, қымбатшылық. Қазіргі қоғамда есірткіні қолданатындардың басым көпшілігі – жастар, оның ішінде, үйінен жылулық көрмеген бойжеткендер мен бозбалалар. Оның көптеген  себептері бар.  Біріншіден, олар өз-өздеріне есеп бермейді. Өмірдің  не екенін түсіне бермейді. Екіншіден, бұл жаста қоршаған ортаға,  онда болып жатқан оқиғаларға назары ауып, қызығушылығы оянады. Өзге жандардың әрекеттерін үлгі көріп, содан соларға еліктеп, өзінің қалай шоқ басқанын білмей қалады. Сондықтан ата – аналар кәмелетке толмаған, оңы мен солын ажырата алмайтын балаларының қайда жүргенін жіті бақылап, олардың жүріс–тұрысын мұқият қадағалау керек. Бала тәрбиесіне біріншіден, өз ата–анасы жауапты, бұл –  барлық ата–аналарға ортақ іс.
Қазіргі заманда есірткі бизнесі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді дүние  жүзін жайлап келеді. Қай елде болмасын, оның тұтынушыларға, әсіресе, болашақ жастарға тигізер зияны орасан зор, үлкен қауіп тудырады. Қазақстанда нашақорлықтың алдын алуға және есірткі бизнесімен күрес жүргізуге бағытталған заң бар. Нашақорлықтың алдын алу үшін жастар және қоғам болып есірткі деген затқа теріс көзқарас қалыптастыру, нашақорларды зейінсіз қалдырмау, оларды бақылауға алу, емделуге бет бұрғызу, күресу, психологиялық бейімдеу, оларды қоғамнан тыс қалдырмау керек.  Нашақорларды емдейтін орталықтар ашылып жатыр, сонда да емдеу орталықтарының санын көбейте түсу керек. Менің ойымша, емнің сәтті аяқталуы үшін адамның ауруды жеңем деген сенімі болуы, екіншіден, жақындарының қолдауы керек. Сонда ғана адам ауруынан толықтай айығып шығады деп ойлаймын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген халық мақалын жадымыздан шығармайық!Өсер елдің баласына лайық салмақты, сабырлы, білімді, жат қылықтан аулақ, елдің ертеңгі азаматы болып өсе берейік! Елдің болашағы үшін қам жейтін жас ұрпақтың дені сау, жан-жақты дамыған тұлға болуы үшін бір кісідей ат салысайық! Жаман әдеттерден аулақ болайық!    

Мырзабек Дархан,

 № 116 орта мектептің оқушысы                                                      Жалағаш ауданы, Ақсу ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<