Ескерткіштер – ұлы даланың шежіресі

1123

0

Қазақ даласындағы әр ескерткіш – аңыз, тұнып тұрған тарих. Сол үшін де олар айрықша қорғалады. 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні болып бекітілген.

1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрікті орындар мәселелері бойынша халықаралық кеңес ассамблеясы осы күнді арнайы таңдап алған. Бұл күн мемлекетаралық деңгейде алғаш рет 1984 жылы 18 сәуірден бастап аталып өтілуде. әлемдік деңгейде тарихи-мәдени мұраны сақтауда жасалған маңызды қадамдардың бірегейі болып келеді.

Облысқа ойысатын болсақ, өңірде 560 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31-і республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Ал 273 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізімінде тұр.

Саладағы негізгі нормативтік-құқықтық құжат саналатын «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңды басшылыққа ала отырып, нысандардың зерттелуі, анықталуы, олардың есепке алынуы, сақталуы, пайдалануы, насихатталуы және қалпына келтіру шаралары жүзеге асырылып жатыр.

Оған қоса, аймақта «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынған. Оның нәтижесінде «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиялық жинағы жарық көріп, ІІІ томына облыс бойынша жалпыұлттық 12, өңірлік 60 қасиетті нысан енгізілген.

– Тәуелсіздік жылдары 15 археологиялық ескерткішке зерттеу, 38 сәулет ескерткішіне қайта жаңғырту жүргізіліп, 125 монументті өнер құрылысы салынды, 80 ескерткіштің қорғау аймақтары белгіленді. Қазір  Қорқыт ата кешені, Сығанақ, Жанкент қалашықтары толығымен қоршалған.

Кейінгі жылдары мәдени құндылықтар мен ұлттық тарихымызға баса назар аударылып, негізгі жұмыстар археологиялық ескерткіштерді зерттеуге бағытталды, – деді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы Ерқазы Алданазаров.

Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен де бірқатар жобалар жүзеге асырылған. Атап айтсақ, ежелгі өркениет ошағы саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қыпшақ, қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша Сығанақ және Қышқала қалашықтарына археологиялық зерттеулер ұйымдастырылған.

Қаладағы 3 ескерткіштің қорғау аймақтарын белгілеу, заңға сәйкес алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу үшін 106 нысанның тарихи-мәдени сараптамасын әзірлеу жұмыстары жүруде. Бұл да ескерткіштерді түгендеу мен қорғауда жүйелі жасалған іс болар еді.

Тарихи туризмді дамытуда тұсау болып тұрған мәселелер де жоқ емес. Бірде жол дұрыс болмаса, бірінде ескерткіштерге жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы олқылықты ретке келтіру үшін іс-шаралар жоспарына облыста бірқатар ескерткішке республикалық бюджет есебінен реставрация жасау көзделген. Олардың қатарында Молқалан кесенесі, Көтібар мұнарасы, Қарасопы кесенесі, Ғанибай үйі, Сырлытам кесенесі, Сығанақ қалашығы бар. Қазір Молқалан кесенесіндегі жұмыстар аяқталуға жақын.

Сондай-ақ, Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшілігінің және Оңтүстік Корея Республикасы Патриоттар және ардагерлер істері министрлігінің қаржыландыруымен Қызылорда қаласындағы Хон Бом До кешеніне жөндеу жүргізілуде.

Туризм – табыс көзі. Ал оны ұқсатып бақса, еліміздегі ескі ескерткіштерден қазынаға қаржы түсіруге болады. Көненің көзін көруге құмар туристер үшін ескерткіштердің құндылығы жоғары.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»