ЕСКЕРТУДІ ТҰРҒЫНДАР ЕСКЕРСЕ…

359

0

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әлішеров, қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руслан Шағырбай және ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің “ОӨАЖҚЖ”ММ басшысының міндетін атқарушы Мейрамбек Доспенбетовтің қатысуымен брифинг болды. Онда судағы қауіпсіздік жағдайы туралы мәселе талқыланды.
Олардың айтуынша, соңғы уақытта Сырдария өзенінің бойында азаматтардың әртүрлі себептермен суға батып кеткендер саны өсіп отыр. Жыл басынан бері қала бойынша 9 адам суға кеткен, оның 2-і бала. Шілде айының өзінде 8 адам судың құрбаны болған.
– Бүгінде қала әкімдігі тарапынан төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында 2 рет комиссия отырысы болды. Онда қалаға қарасты кент және ауылдық округ әкімдеріне және дербес бөлім басшылары мен мемлекеттік мекеме басшыларына жаз мезгілінің суға түсу маусымында қала тұрғындары арасында белгіленбеген орындарға суға шомылуға болмайтындығы жөнінде ақпараттық-насихаттық жұмыстарын кеңінен ұйымдастыру, рейдтік жұмыстар жүргізу туралы тиісті тапсырмалар берілді. Осыған орай арнайы іс-жоспар бекітіліп, суға түсуге қауіпті аймақтарда қалалық жергілікті полиция қызметі, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы мен қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен рейд жұмыстары жүргізілді. Алайда, ескертуді ескерер тұрғындар болмай тұр, – деді қала әкімінің орынбасары Б.Әбдіғаппарұлы.
– Қала бойынша негізінен 27 қауіпті аймақ бекітілген. Бұл жерлерде қауіпсіздік шаралары қатаң жүруде. Бірақ оған қарамастан, тұрғындар түнгі мезгілде суға шомылады. Ол уақытта құтқару жұмыстарын жүргізу қиын. “Суға түсуге болмайды” деген тақтайшалардың тұрғандығын ескермейді. Көбіне бізде Көксу мен Шіркейлі каналында орын алған жағдайлар тіркеліп отыр, – деді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Е. Әлішеров.

М.ОТАРАЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<