Есімі ұмыт қалмаса

376

0

Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ екені белгілі. Кешегі еске түскенде ел үшін қызмет еткен тұлғалардың есімі ел жадында жаңғырары анық. Кеңестік қоғамның қиын-қыстау тұсында Қарашалаң ауылын ашықтырмай, алға сүйреген апамыз Ұлбибі Имағамбетқызы Балымбетованың есімін ешуақыт естен шығармаймыз.

Арал ауданы Бөген ауылдық кеңесіне қа­расты Қаратүп колхо­зында 1941-1942 жыл­дары сату­шы болған ол кейін осы колхоз­да балық аулау бригадирі, бас­­­қар­ма төр­аға­сының орынбаса­ры қыз­меттерін қалт­қы­сыз атқарса, сұ­ра­пыл соғыс­тан қира­ған халық ша­руа­шы­лы­ғын қалпы­на келтіру кезеңінде Ұ.Ба­лымбетова сияқ­ты қайраткер қазақ әйелі өзі туып-өскен Қарашалаң колхо­зын бас­қаруға жіберіледі. Облыстағы қазақ әйелдерінің арасынан шық­қан алғашқы колхоз төрайымы Ұл­бибі Балымбетованың іскерлік, ұй­ым­дастырушылық, жанқиярлық қабілеті мен қарымын сол жылдары жас болсақ та әлі күнге ұмытқан жоқпыз.

1949 жылдан 1960 жылдарға дейін Қара­шалаң колхозын басқар­ған апайдың ұлан-ғайыр еңбегі аға ұрпақ өкілдерінің есінде. Колхоз орталығында тұңғыш рет мәдениет ошағын, жетіжылдық жаңа мектеп ғимаратын, радиостанция салуға ауылдың үлкен-кішісін түгелдей жұ­мылдырды. Ауыз­бірлік болса, алынбайтын қамал жоқ екен. Бі­лікті басқарма қысқа мерзімде Қа­ра­ша­лаңды миллионер колхоз атан­дырды. Көл жағасындағы ауыл  кере­меттей көркейді.

Жылма-жыл артығымен орын­далған балық аулау жоспарын былай қойғанда, егін­шілікке бетбұрыс жасалып, ауылдың әлеуметтік-тұр­мыстық ахуалы жақсарды. Осындай ерен еңбегін есіткен атақты жазушы Сәбең – Сәбит Мұқанов Арал аймағына, оның ішінде Қарашалаң колхо­зына арнайы келіп, Ұлбибі апамыз туралы респуб­ликалық газеттерге мақала жазғаны да біздің есімізде.

Адал еңбегі атаусыз қалмады. Колхоз төрайымы бірнеше орден-медальдармен марапатталып, об­лыстық, аудандық кеңестерге депу­тат, партия конференцияларына де­ле­гат болып сайланды.

Колхоз қарамағындағы Қызыл­жар, Кіші­түбек, Тәуір, Қызылқайыр елді мекенде­рінде бастауыш мектеп, балық қабылдау пункттері бой көтерді. Колхоз балықшылары көк­тем айларында теңіздің арғы басына қайықпен көшіп-қонып, балық аулайтын. Осынау балық аулау науқаны тұсында балықшылармен бірге талай-талай теңіз дауылына ұрын­ғанын біздің өзіміздің көзіміз көрді.

Иә, сол бір қиын-қыстау уақытта әйел адамның колхоз басқарып, баршаны ел игілігі жолындағы еңбекке жұмылдыруы некен-саяқ іс саналатын. 1949 жылдан 1960 жылға дейін табаны күректей 11 жыл бойы артта қалған колхозды озат шаруашылық қатарына қо­суы нағыз ерлікке пара-пар іс еді. Бұл іске лайықты, үлес қосқан Ер­ма­ғамбет, Жұмахмет, Құлақан, Сы­дық, Жұбантай, Сәрсен, Әлжан, Өте­нияз, Махамбет, Әбжәли сияқ­ты қарапайым майталман балықшы­лардың есімдері ел-жұрт есінде.

Ұлбибі Балымбетова 1960 жы­лы құрметті зейнет демалысына шықты. Сөйтіп, 1985 жылы шіл­денің 25 жұлдызында туған топы­рағы Қарашалаң ауылында 78 жасында бұл дүниеден озды.

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласындағы «Әрбір өлкенің хал­қына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген жолдар өткенге құр­метпен, бүгінге байыппен қарауды үлгі етеді.

Қазақта «Ердің атын елі шы­ғарады» деген мәтел бар. Енде­ше, ұзақ жылдар қоғам үшін ке­зінде ат үстінен түспеген Ұлбибі Балымбетованың есімін Арал қа­ла­сындағы бір көшеге берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Нияз Оспанов, Өмірзақ Досжанов,

Жеткерген Төкешов,

ардагер балықшылар.

Арал ауданы,

Қарашалаң ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<