Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2024 жыл аймақ өмірінде айтулы жаңалықтарымен есте қалды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші көш ілгері. Жыл аясында жаңадан бой көтеріп, ел игілігіне берілген сәнді де сәулетті ғимараттар қала келбетін арттыра түскен. Өңірде «Руханият жылы» деп жарияланған бұл жылда тарихымыздан сыр тартып, әдебиет пен мәдениетке мән беріп, елдің рухын көтеруде елеулі жұмыстар атқарылды.
Шаһарда бой көтерген «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Руханият», «Отбасы» орталықтары, сондай-ақ, жас ұрпақтың жарқын болашағын қалыптастыру бағытында Президент тапсырмасына сай пайдалануға берілген «Жайлы мектеп», одан бөлек, «Оқушылар үйі», Физика-математика мектеп-интернаты, «Теннис орталығы» сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар жыл бойы атқарылған жұмыстардың айқын нәтижесі. Тағы бір жаңалық, таяуда ғана ел игілігіне берілген халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін Қорқыт ата әуежайы Сыр аймағының сәулетін арттыра түскендей.
«Өнер орталығы» өңір тұрғындарына ұлттық дәстүрлі нақышта, сондай-ақ, симфониялық, эстрадалық жанрда концерттік бағдарламалар ұсынып, рухани-танымдық қызмет көрсетеді. Жалпы 1000 келушіге арналған заманауи орталықта бірнеше өнер ұжымдары шоғырланған. Соның бірі – облыстық филармония.
Айта кетейік, өңірде өнер мен шығармашылықтың дамуында облыстық филармонияның орны ерекше. Бүгінде оның құрамында Тұрмағамбет атындағы ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр, сондай-ақ дәстүрлі және эстрада жанры бойынша кәсіби әншілер қызмет етеді. Биылғы жаңалықтың бірі, филармония жанынан симфония оркестрі құрылды. Оркестр осы күнге дейін бірнеше салтанатты жиындарда өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сыр елі кешегі сүлейлер сарынын бүгінге жалғап келе жатқан жыршы-термешілер, айтыскер ақындардан кенде емес. Бұл орайда облыста «Жыраулар үйінің» пайдалануға берілгені дәстүрлі өнерді дамытуға бағытталған оңтайлы қадамның бірі болды. Бұдан бөлек, қалалық мәдениет үйі жанындағы Жастар театры дербес шаңырақ көтеріп, ұжымның шығармашылық әлеуеті ұлғайды. Театр құрамы талантты жастармен толықты. Сондай-ақ салада инклюзивті театр, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Тағы бір айта кетерлік тың жаңалық, облыс әкімінің қолдауымен мәдениет мекемелерінің мамандары Италия, Белорусь елдеріне сапарлап, біліктілігін арттырды.
«Руханият жылының» мәнін арттыра түскен бастаманың бірі – Мәдениет, өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында тағайындалған облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы. Бүгінге дейін бұл сыйлықты жиырмадан астам өнер және шығармашылық өкілдері иеленді.
«Сыр өңірі – түркі мәдениетінің алтын бесігі». Жуырда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде осы тақырыпта көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт баба туындылары, «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары, ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойы қазақтары пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, зергерлік әшекейлер коллекциясы көпшіліктің назарын аударды. Айта кетейік, бүгінде облыстық өлкетану музейінің жаңа құрылысы басталды.
Жыл аясында Сыр елінде композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Төлеген Мұхамеджанов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан және Татарстан Республикасының Халық артисі Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші, сонымен қатар, Әлем артисі, Қазақстанның Халық артисі, Еңбек Ері, академик Айман Мұсақожаеваның классикалық концерті өтті. Сондай-ақ Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері аясында аймақ өнерпаздары Астана, Алматы қалаларында концерт беріп, Сыр бойы өнерін айшықтады.
Әлемге әйгілі әдебиет алыбы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен халықаралық ғылыми-танымдық конференциялар өтті. «Біздің Әбе» атты естелік кітаптың тұсауы кесіліп, жазушының тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Осы бағыттағы рухани басқосулар облыс орталығында ұйымдастырылып, одан соң, қалам иесінің туған жері – Арал өңірінде жалғасын тауып, республикалық ғылыми-танымдық конференция, жазушының шығармашылығы мен өмір жолына арналған суретшілер симпозиумы, «Қанатты қалам» атты поэзия фестивалі, «Қан мен тер» романының желісі бойынша қойылған спектакль сияқты танымдық іс-шараларға ұласты.
«Руханият жылында» жеті ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтарын салу жоспарланған болатын. Оның алғашқысы Қармақшы ауданында пайдалануға берілді.
Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр сабақтастығы насихатталып, өскелең ұрпақты туып-өскен өңір тарихын, ұлттық фольклор, әдебиет, мәдениет әлеміндегі бай қазынасын танып-білуге тәрбиелейді. Айта кетейік, бұған дейін бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы» да өз ұлт құндылығын насихаттайтын іргелі шаңыраққа айналды. Сол секілді, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Шығармашылық академиясы» бой көтереді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Руханият жылы» аясында Сыр өңірінің төл өнерін насихаттауға толассыз үлесін қосып жүрген мәдениет саласы қызметкерлеріне 40 қызметтік пәтердің кілтін табыстады. Иә, бұл өнер адамдарына деген қолдаудың ең жоғары көрінісі десек болар.
Иә, қай заманда да Алаш ұрпағына айшықты орда болған Сыр елінің тарихы тереңнен бастау алған. Сыр өзенінің төменгі ағысының бойында сонау Сақ тайпасынан бері әр кезеңде астана болған тарихи төрт шаһардың ізі жатыр. Алғашқысы, Арал маңындағы сақ тайпасының астанасы болған Шірік Рабат қаласы болса, одан кейін оғыздар мемлекетінің астанасы Жанкент қаласы, Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы және 1925 жылы Қазақ АКСР-нің астанасы болды.
Қазақ АКСР-нің астанасын Қызылорда қаласына көшіру туралы шешім қабылданған соң жаңа астанада өткен Кеңестік Қазақстанның V съезінің Қаулысымен, 1925 жылдың 19 сәуірінде қырғыз-қазақ атауы Қазақ болып өзгертілді. Сонымен қатар, осыған дейін Перовск аталып келген Сыр бойы бас қаласының атауы Қызылорда болып ауысты. Әсіресе, халқымызға Қазақ атауының қайтарылуы ұлт тарихындағы аса маңызды саяси шешімнің бірі. Айта кетейік, алдағы жылы осынау тарихи сәт – Қызылорда қаласының алғаш астана мәртебесін алғанына және ұлтымызға Қазақ атауының оралғанына 100 жыл толады. Демек санаулы күндерден кейін төрімізге енетін Жаңа жылдың да Сыр халқы үшін маңызы бөлек.
Осылайша өткен жыл өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Келер жылдан да күтер үмітіміз мол. Ең бастысы, еліміз аман, Отанымыз тыныш болсын!
Ғазиза ӘБІЛДА
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<