Естірту

1755

0

Қазақ ішіндегі ұлағатты, ұшқыр сөздерді көбіне Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің атынан айтылады. Бұл үрдіс сол сөздің ұзақ сақталуына сеп болған. Осыған қатысты «бидің айтқанын құл да айтады, құлдың аузының дуасы жоқ» деген мәтел қалған.

Мына бір әңгіме де әсерлі, қазақ тілінің бай, терең мазмұндылығына қызықтыра қаратады. Бірақ оны оны нақты мына кісі айтты деу қиын, «мұны айтқан адамның атын білме, сөзін біл» деген Абай сөзі сөз-ақ!

Баяғыда бір бидің аңға шығып кеткен ұлы аттан құлап мерт болыпты. Қазаны естіртуге ауылдастары қиналыңқырап тұрса керек. Сонда бір кісі бидің отауына кіріп келіп:

– Уа, биеке, көптен бір нәрсені білгім келіп жүр еді, соны сұрасам бола ма? – дейді.

– Е-е, сұра, – деп би келушіге көңіл қояды.

– Егер біреу алтын тауып алса, біреу егесі мен едім деп алтынын сұрай келсе, не билік айтар едіңіз?

– Таныған алады, тапқан береді, шырағым.

– Ендеше, сіздің тапқан алтыныңызды иесі танып алыпты. Берік болыңыз, биаға, – депті сонда естірте келген кісі.

Би ұлының өлгенін біліп, екі иығы селкілдеп отырып қалыпты.

Д.АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<