Ет нарқы және көптің тұтыну қабілеті

655

0

Қар түсе қазақ соғымның қамына кіріседі. Бірақ биыл ет бағасы екінің біріне қолай болып тұрған жоқ. Статистикаға  сүйенсек,  жыл басынан бері қой еті, жылқы еті, сиыр еті бірнеше пайызға өскен. Сойымға жарамды малдың да құны көтеріліп тұр. Тап қазіргі нарық не дейді?

Бәрі бағаға байланысты

Әуелі қаламыздағы «Көне базарға» бет алдық. Біз бас сұққан  сауда орындарының денінде ет мол болғанымен, тұтынушы аз көрінді. Таласып-тармасып жатқан халық нөпірін байқамадық. Бұған себеп сөреге ілінген ет бағасын екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал сатушылар етін жарнамалап әлек. Біздің де бас сұққанымыз сол екен бірінен соң бірі білегімізге жармасып, қыр соңымнан қалмай қойды. Аламын десем, талғамыма қарай таңдап бергісі бар.

Қош. Сонымен, бұл жақтағы ет бағасына зер салсақ, жылқы еті – 2500, сиыр еті – 2200-2400, қой еті – 2450, тартылған ет бағасы 2550 теңгеден саудалануда. Ал егер ала қалсаңыз, саудагерлер бағасын сәл-пәл түсіріп беруге әзір.

– Несін жасырайық, ет бағасы өскелі тұтынушылар күрт азайды. Сондықтан саудадан түсер пайда аз болып тұр. Жыл басында баға тәуір болғасын ба, әйтеуір, мына жерге келушілер жақсы болатын. Қазіргі жайды өзіңіз де байқап тұрған шығарсыз. Жалпы, еттің өзі бізге қымбат бағамен келгендіктен, үстіне тек аз-маз тиын ғана қосып отырмыз. Сауда жасап тұрған осы жерді жалға аламыз. Оның да құны қымбат. Сол себепті кейде үйден де сатамыз. Онан қалса, ағайын-туысқа жарнамалап, ақшасын бөліп төлеуге де береміз.

Осында таңның атысы, кештің батысы тұрамыз ғой. Сонда әртүрлі адам келіп, мына сөредегі бағаны көреді де, ренішін айтып кетеді. Арасында бұрқылдап ұрысатындар да бар. Құдды бір бағаны біз көтеріп, халықты қанап жатқан секілдіміз. Расында, олай емес. Біздікі тек күнкөрістің қамы. Егер ет арзан бағамен келсе, біз де арзанға сатамыз ғой, – дейді саудагер Нұрхан Бекәділов.

Базардағы ет нарқын байқап болып, базар айналасындағы ет сататын жеке дүкендерді араладық. Мұнда халық сом еттен гөрі малдың ішек-қарны, бауыр-бүйрегі мен бас-сирағын көптеп алып жатқанына куә болдық. Жілікті етке қарағанда баға қалта көтеретіндей екен. Санамалап айтсақ, бауыр мен іш майдың келісі – 1000 теңге, қарын мен құйымшақ – 900, ішек-қарын – 350, сирақ – 750, жүрек – 1500, қартаның келісі – 1200 теңгеден саудалануда. Қала тұрғыны Айнұр Жалғасбаеваның айтуынша, бұл да қымбатшылық салдарынан амалсыз барып жатқан шара екен.

– Шыны керек, қазір бұрынғыдай емес етті біршама аз тұтынатын болдық. Өйткені келілеп алған ет бала-шағаға шақ келмейді. Үйіме де, келген қадірлі қонағыма да жетсін деп молырақ алайын десең, бағасы қалтаға ауырлық салып тұр. Былтыр да баға көтерілді. Сонда әрең алып едік, биыл тіпті қымбат. Міне, сондықтан ішек-қарын, бас-сирақ алып, асымызға жаратып жүрміз. Негізі бірнеше келі жылқы етін алғым келген. Алайда бағасы он мыңнан асып жығылды. Басқа жерлерде де осы баға. Әзірге ішек-қарынды аламын деп шештім. Баға бұлай шарықтап кете берсе, алдағы жылдары  қазы-қарта, жал-жаяны ұмытатын сияқтымыз. Бұрын ауылдан соғым келуші еді. Қазір соғымның да бағасы базар нарқына жетіп қалды, – дейді ол.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір қой еті – 2400, жылқы еті – 2300 теңге, түйе еті – 2000, ал мүйізді ірі қара малдың еті 2100 теңге аралығында.  Бірақ байқағанымыздай, сауда орындарындағы баға бұдан қымбатырақ. Жобалас болғанның өзінде бұл баға былтырғыға қарағанда өскен.

Мал бордақылау тиімсіз болып тұр

Иә, қазір сауда орындарынан келілеп ет алғанша, қорада жем мен көк майса шөпті күйсеп тұрған, бордақыланған малды соғымға сойып алған тиімді. Дегенмен тірі малдың құны да қазір шарықтап тұр. Осыдан апта бұрын мал базарына бардық. Баға удай. Мұнда ірі қараны  – 240-360 мың, жылқыны 370-550 мың, жабағыны 180-215 мың, қой мен ешкіні 45-60 мың теңге аралығында сатып ала аласыз. Бұл – біз көрген күнгі баға. Соғым науқаны болғасын ба, малдың құны еселеп өсіп тұр. Науқан біткенше арзандамайтыны да анық. Төрт түліктің құны әрине оның қоңына байланысты.

– Қазір базарда мал көп болғанымен нарықтағы бағаға сай келмеуінде бір себеп бар. Оның үстіне екінің бірі базарға бордақыланған мал шығармайтыны бесенеден белгілі. Соғым керек, семіз мал сойып жегім келеді десең, мал ұстайтын сенімді ағайын-туысыңды не ауыл ішін аралайсың. Ал қорада байлаулы тұрған малдың бағасы базардағыдан 1,5-2 есеге қымбат. Себебі кейінгі жылдары жем-шөптің бағасы аспандап алды. Сондықтан шаруалардың көбі соғымға мал байлауды емес, оны қыстан аман алып шығуды ойлап отыр. Бүгін базарға мал әкелгендердің арасында қыста төрт түлікті қырып алғанша, арзанға болса да сатып жіберейік деп жүргендер көп. Өзім бұрын мал бордақылап, соның етін сатумен айналысатынмын. Алайда биыл бұған шамам келмей, мал толық семірмесе де, сатылымға шығардым, – дейді Айдарбек Жансейіт есімді шаруа.

Оның айтуынша, базарда алаяқтар да көбейіпті. Осыдан бірнеше апта бұрын бір тұрғынға 500 мың теңгеге сауын сиыр сатқан алыпсатар танысын жіберіп, әлгі сиырды ұрлап кетіпті. Абырой болғанда бұл қылмыстың арты ашылып, әділдік орнаған. Иә, қазір базардағы бағаны ышқынтып отырған да осылар дейді. Сөзіне сенсек, қазір алыпсатарлар біреуден 200 мыңға алған малын, үйіне бір күн түнетіп, тіпті, реті келсе сол жерде үстіне 40-50 мың қосып сатып жібереді екен. Тұрғындар сақ болмаса, екі жеп биге шығатындар көп дейді шаруа.

Иә, мұнда жүріп, өзгеде шаруаларды сөзге тартып көргенбіз. Олардың айтуынша, қазір мал бордақылау қай шаруаға да оңайға соқпай тұр. Оған себеп әлгіндегідей – қуаңшылықтан кейінгі жем мен шөптің бағасының өсуі. Базардағы мал бағасының арзанға түспейтіні де содан дейді олар. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, кейінгі жылдары қуаңшылық шаруаларды қысып жіберді. Жайылымдық жерлер азайды. Алайда қазір облыста мал шаруашылығы бойынша жағдай тұрақты көрінеді. Баға да бақылауда. Мал азығы – жоңышқа нарықта 650-700 теңге, бау пішен – 200-250 теңге, престелген бума 270-350 теңгеден сатылуда. Бидай кебегінің келісі – 100-105 теңге. Бұл – басқарма дерегі.

Қалай болғанда да бүгінгі нарық оңай болып тұрған жоқ. Тіпті бір жылқы, түйе не бір ірі қараны жығып тастап, ағайын-туысыңды соғым басына шақыратын дәстүр бүгінгі ауыл өмірінен де көшіп баратын секілді. Мал бар, күйі жоқ. Жем-шөп қымбат. Бәрі сатулы. Мұндай жағдайда ет бағасы өсті деп тағы күмілжуге болмайды. Тіршілігі табиғатқа тәуелді әсіресе біздің өңір үшін шын мәнінде мал шаруашылығын дамытуда тың тәсіл керек. Ал мұның астарында халықтың әл-ауқаты тұр.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<