Эвересттің биіктігі қайта өлшенеді

719

0

Эвересттің биіктігі қайта өлшенеді География пәнінен білетініміздей, әлемдегі ең биік шың – Эверест. Ресми дерек бойынша құзар шыңы – 8848 метр. Жердің ең биік нүктесі саналады. Дегенмен бұл дерекке дау айтушылар да бар. Бұл жайында жазылды да. Бүгінгі айтпағымыз Эверест шыңының биіктігін қайта өлшенуі туралы. Қарт Гималайдың биіктігін Қытай мен Непал елдерінің зерттеуші ғалымдары бірлесе қайта өлшемек. 
Себебі 2015 жылы Непалда болған зілзала салдарынан әлемдегі ең биік шың айтарлықтай шөккен болуы мүмкін. Екі елдің билігі қайта өлшеу жайлы жобаға келісіп үлгерді. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Непалға барған сапарында елдің басшысы Бидьхя Деви Бхандаримен бұл зерттеу бойынша да кеңескен. –  Сагарматха/Джомолунгма – Непал мен Қытай елдері достығының мәңгілік символы. Екі тарап бірлесе ғылыми зерттеу жүргізу жобасын қолға алады, – деп атап өтті билік басшылары өз баяндамаларында.
2017 жылы әлемдегі ең биік шыңды қайта өлшеу жайын Үндістан ғалымдары ұсынған. Ең биік нүктені алғаш болып анықтаған да осы елдің зерттеушілері болатын. Бірақ бұл жоба іске асқан жоқ. Непалдағы зұлмат жер сілкінісі 2015 жылдың сәуір айында болды. 8 мыңнан астам адам көз жұмып, 20 мың тұрғын түрлі жарақат алды.
Көптеген ғимараттар құлап, көлік жолдары мен жарық көздері істен шықты. Осы бір алапат апаттан кейін геологтар Гималай тауы бірер сантиметрге шөккені жайлы да айта бастады. Ал Эверест 3 сантиметрге дейін төмендеген болуы мүмкін деген деректер айтылуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<