Филармония – мәдениеттің алтын қазығы

1222

0

Бүгінде біздің әрбір тұрғын «Сыр елі – жыр елі» деген сөздің мән-мағынасын жүрегімен сезініп, киелі жерде туып өскенін мақтан тұтады.

Өңірдің музыка әлемінде көптен бері заманауи тыңдарманның жүрегін жаулап алған дәстүрлі ән орындаушыларымен қатар заманауи эстрада жанрында еңбек етіп жүрген өнерпаздардың да алатын орны ерекше. Республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген, Сыр елінің музыкалық өнерін асқақтатқан оларды мақтан етеміз. Осындай шығармашыл жандардың тоғысқан ортасы– Қызылорда облыстық филармониясы.

Филармонияның іргетасы қырық жыл бұрын 1972 жылы 16 қарашада Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен қаланған. Алғашқы жетекшісі, идеялық дем берушісі, композитор Тәніберген Қалауов болды. Оның жанынан «Сыр күмбезі» фольклорлық және «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі құрылды. «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамбліне белгілі жыршы-термеші Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова жетекшілік етсе, «Ақтолқын» эстрадалық ансамбліне Қиынбай Сақтағанов басшылық жасады. Санжан Асылбекова филармонияның бас әкімшісі болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті.

Одан кейінгі 1976-1980 жылдар филармония үшін Дүйсенбі Дүйсенбаевтың басшылығының және өз мамандығына шығармашылық шабытты көзқарасының арқасында жемісті болды. Музыкалық ұжымдастықта ұлы әнші Ұлшан Ахметова жетекшілік ететін «Сыр маржаны» ұжымы, Сайлау Бердіқожаевтың «Самалы сыр» сынды айтулы ансамблдер мүшелік етті. Осы жылдары Мұхит Әбдікәрімов, Тәжігүл Аманжолова, Күлән Қалымбетова, Сұлтан Нұрмаханов, Гүлжан Нұржанова, Шынберген Тілеулесов, Мәди Жасекенов орындаған әндер тыңдармандар жүрегіне жол тауып, жылдар бойы халық ауызында айтылып жүрді.

Кейінгі жылдары Кеңес Асанбаев, Қырымбай Мұхамедьяров, Бауыржан Шүкеновтердің кемеңгер басшылығымен филармония өз міндетін атқарып, Сыр елінің музыка мәдениетіне айтарлықтай ауқымды үлесін қосып, серпіліс сыйлай білді.

Аға ұрпақ халық әндері мен күйлерін орындау арқылы туған өлкенің мәдениетін өркендетуге, насихаттауға, рухани кемелденуіне зор үлес қосты.

Қазіргі уақытта филармония ұжымы бірнеше есеге өсті. Түрлі жанрда 8 шығармашылық топ жұмыс істейді.

Тәуелсіздік жылдарындағы филармония қызметінің ең жарқын жемісі – Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ошаған» әзіл орталығы, «Сыр самалы» вокалды-аспаптық ансамблі, «Тұран» вокалды-эстрадалық триосы, «Жанкент» аспаптық дуэті, «Томирис» би ансамблі, «Бұраң бел» би ансамблі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі.

Сонымен қатар, жыл өткен сайын дарынды жеке орындаушылар, жыршылар мен жыршылардың қатары жаңа есімдермен толығып келеді.

Қазір өркениетті қоғамның өнер мен мәдениетке деген көзқарасы өзгеруде. Филармонияның материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға артып, соңғы үлгідегі техникамен және технологиямен жабдықталған, оркестр музыканттарына, ансамбльдерге, әнші-бишілерге арналған әдемі де заманауи ұлттық және сахналық киімдер тігілуде. Музыкалық шығармаларды жазу және өңдеу студиясы да ашылып, дыбыстық жазу жұмыстары онан да сапалы бола түсті.

Облыстық филармония әншілері мен күйшілері, жыршылар мен жыраулар, ансамбльдер мен оркестрлері шалғай ауылдар мен аудандарға, басқа да қалаларға жиі іссапармен барады. Филармония музыканттарының түрлі облыстық, республикалық, дүниежүзілік байқаулардың жүлдегерлері атанып кәсіби деңгейі мен танымалдылығының артуы көңіл қуантады. Әрбір өнерпаз, музыкант, биші және филармония басшылығының үлкен еңбегінің арқасында халықтық және заманауи музыка мәдениеті насихатталып, беделді байқауларда облыс намысын қорғап жүр.

Арайлым Өтепова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<