Аймақта мәдениет саласы бойынша 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында 22 жоба іске асырылды. Мәселен облыстық филармония жанынан қосымша ғимарат салынып, өткен жылы пайдалануға берілді.
– Жаңа ғимаратта дайындық залы, тігін цехы, асхана және киім қоймасы орналасқан. Ғимарат кең ең бастысы жарық, әртістердің шығармашылықпен айналысуына қолайлы. Биыл карантиндік талаптарды сақтай отыра жаңа маусымды 11 қаңтарда басталды,- деді облыстық филармония директоры Талғат Мақашов.
Жыл басынан бері филормония 10 шара өткізді. Оған 700-ден аса көрермен қатысты. Бұған қоса, гастрольдік сапарларды ұйымдастыру және жүйелендіру мақсатында өзге концерттік ұйымдармен шығармашылық келісім жасауда. Ал өткен жылы 178 шара өткізді. Пандемияға байланысты басым бөлігі онлайн форматта болды. Облыста тұңғыш рет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай» операсы сахналанды. Өткен жылы филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылды.
Классикалық орындаушы Сымбат Тасбергенова – КСРО халық артисі Н.Тілендиевтың 95 жылдығына арналған «Әлқисса» фестивалінен, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің әртісі, домбырашы Алмаз Әлжанов – М.Сыдықовтың 80 жылдығына арналған «Домбыра –жүрек жырлайды» атты республикалық онлайн-күйшілер конкурсынан жүлделі орындарды иеленді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<