Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы алқасының және өңірдегі одақ мүшелерінің жалпы жиналысы өтті.
Күн тәртібінде Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасын бекіту мәселесі қаралды. Басқосуды алқа мүшесі, «Қызылорда қоғамдық телеарнасы» ЖШС құрылтайшысы, ақын Шаһизада Әбдікәрімов жүргізіп, ұйымның кейінгі 10 жылда атқарған жұмыстарын тарқатып айтты.
Жиында сөз алған «Әлімсақ» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы төрағалығына облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидиновтің кандидатурасын ұсынды. Барлық алқа мүшелері үміткер кандидатурасын бірауыздан қолдап дауыс берді.
Мұнан соң «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа сөз алып, аймақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын, биыл 95 жылдығы атап өткелі отырған «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидиновке игі тілегін жеткізіп, жауапкершілігі мол жұмысқа сәттілік тіледі. БАҚ туралы заң жобасының талқылынып жатқанын, оған облыс журналистері де өз үлесін қосу қажеттігін атап өтті. Ал сала ардагері Еркін Әбіл облыстық филиалдың алдағы жоспарына өзінің ұсыныстарын айтты.
Қуат Әбішұлы Шарабидинов журналистикадағы еңбек жолын 2000 жылдардың басында аймақтың ата басылымы облыстық «Сыр бойы» газетінде тілшіліктен бастаған. Әр жылдары газеттің жауапты хатшысының орынбасары, жауапты хатшы, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының редакторы, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 2018 жылдан бері облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы қызметінде. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасының иегері.
Қазақстан Журналистер одағы – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің шығармашылық ұйымы. Оның тарихы өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Аталған ұйым тәуелсіздік алғаннан кейін, 2001 жылы сәуір айында қайта тіркеуден өткен. Еліміздің барлық аймақтарында филиалдары жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2014 жылдан бері облыстық филиалға «Сыр медиа» ЖШС бұрынғы бас директоры Аманжол Оңғарбаев төраға болып, біраз жұмыс атқарылды. Кейінгі 10 жылда аталған одаққа біздің облыстан 167 журналист мүшелікке қабылданды. Мұнан бөлек, облыстық филиал Сыр бойынан шыққан, дүниеден өткен танымал қаламгерлерге Қызылорда қаласынан көше атауын алуға ұсыныс жасады. Сондай-ақ журналистерді жыл сайын БАҚ өкілдерінің төл мерекесінде ұйым атынан марапаттап, басқа да мәдени шаралар ұйымдастырып келеді.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<