Физиотерапия – бұл алдын алу, емдеу және оңалту мақсатымен табиғи және қайта қалыптастырылған физикалық факторларды қолдану. Оның басты саласы негізгі емдеу әдісі лазерлік сәулелену.
Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының физиотерапия бөлімшесі барын біреу білсе, біреу білмес. Осы емдеу-алдын алу бөлімшесінде пациенттерді емдеу мен оңалту, туа біткен және жүре пайда болған аурулар, созылмалы аурулар мен жарақаттарды емдеу ісін тәжірибелі медбикелер атқарады. Бөлімшеде денешынықтыру мен емдік массаж әдістері де бар. Олар ауру мен олардың асқынуына, ісік пен қабынуына қарсы әрекет етеді. Ауруханада пациенттерге отадан кейінгі кезеңде кварц, магнитті-лазерлік аппараттарды қолдану, науқастың денесіне магниттік-лазерлі өріспен әсер ету ауырсыну синдромын басуға мүмкіндік береді және жаралардың жазылуын айтарлықтай жылдамдатады.
Лазерлі-магниттік терапия парафинмен емдеу процедурасы қосылған кезде омыртқа және буын ауруымен ауыратындарды емдеу кезінде тиімді. Емдеу кешенінде электр ынталандыру, әртүрлі дәрілік заттармен, карипаинмен, димексидпен, гидрокортизон және электрофорездер, магниттік терапия, парафинмен емдеу, жарықтар мен остеохондроздарды емдеудің жаңа әдістемесі, бел остеохондрозы кезіндегі карипаин электрофорезімен емдеу қолданылады.
Карипаин – шығу тегі өсімдіктік, асқабақ ағашының папайа шайырынан алынған, ақуызды ыдыратушы препарат. Енгізілген карипаин бірнеше көрші омыртқааралық дискілерге әсер береді, омыртқа ауданындағы ауырсынулар, аяқ-қолдың ұйып жансыздануы азаяды, аяқтың күш түсетін бұлшық еттерінің ширығуы төмендейді.
Лазерлік және магниттік терапия невралгия мен неврит аурулары, гинекологиялық және урологиялық, гипертониялық ауру, бронхиалдық демікпе, тірек-қозғалыс, буын ауруы мен жарақаттары, жүйке, жүрек-қан тамыры аурулары, несеп-жыныстық жүйесінің, аяқ-қолдың қан аурулары, микроайналыстың бұзылуын емдеу және иммунитетті нығайту, аллергияға сезімталдығын төмендету, қан айналысын жақсарту мақсатында қолданылады.
Зейпін МОЛДАШҚЫЗЫ,
қалалық аурухананың физиотерапия бөлімшесінің
аға мейірбикесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<