FlyArystan-ның 12 жасар қызды әуежайда қалдырып кетуі: компания жауапқа тартылды

199

0

Фото: ашық дереккөз

21 шілдеде «Астана–Орал» бағытындағы рейске заңсыз жіберілмеген кәмелетке толмаған жолаушыға қатысты FlyArystan әуе компаниясы жауапкершілікке тартылды.

«Көптеген шағымдар мен жолаушылардың құқықтарына нұқсан келтірген оқиғаларды ескере отырып, министрлік жедел түрде тиісті шараларды қабылдады. «Эйр Астана» әуе компаниясымен және «FlyArystan» АҚ-мен бірлесіп болған оқиғалардың мән-жайларын зерделеу, сондай-ақ болашақта мұндай жағдайларды қайталамау мақсатында шаралар қабылдау үшін көшпелі жұмыс кеңесін өткізген Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінен тұратын жұмыс комиссиясы құрылды. FlyArystan әуе компаниясы биылғы 21 шілдедегі «Астана – Орал» бағыты бойынша рейске заңсыз жіберілмеген кәмелетке толмаған жолаушы З. Галиеваға қатысты рейс мәртебесі өзгерген кезде, қызмет көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін FlyArystan әуе компаниясы ішкі процестерді оңтайландырды және балаларға қызмет көрсету бойынша алгоритмдерді қатаңдатты. Тиісті талаптарды бұзуға жол берген авиакомпания қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген ҚР Көлік министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство мәліметінше, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ биылғы 5-11 тамыз аралығында қоғамдық резонанс тудырған рейстердің кешігуі мен болған оқиғалардың себептерін анықтау фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру ұйымдастырды.

«Рейстердің барлық кешігуі оқиғасы техникалық себептерге байланысты екені анықталды. Дауылдың салдарынан ұшақтардың зақымдануын, әуежайлардың арнайы көліктерінің зақымдануын, сондай-ақ Pratt & Whithney компаниясы шығарған қозғалтқыштардың техникалық ақауларын растайтын техникалық құжаттама (борттық журналдар) тексерілді.

Еске салсақ, биыл жазда Орал қаласының қос тұрғыны, егіздер – Зәуре мен Зере Америкадағы тіл мектебінен Астана арқылы кері ұшып шыққаны, елордаға аман жеткен қос жасөспірімнің бірі «Астана – Орал» бағытында ұшқан FlyArystan әуекомпаниясының ұшағынан қалып қойғаны хабарланған еді. 

Атап айтқанда, 21 шілдеде «Астана-Орал» рейсіне 12 жасар қыз жіберілмеген. Бұл оқиға қоғамда біраз талқыланды. Осыдан кейін FlyArystan басшысы Оралда егіздердің анасы Жазира Мусинамен кездесті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<