Француз әйел асырап алған қазақстандық бала 10 жылдан кейін туған жері Шымкентке оралды

340

0

Француз әйел асырап алған қазақстандық бала 10 жылдан кейін туған жері Шымкентке оралды Шоқан (қазіргі уақытта Мельхиор) және оның француз анасы Каролина Шымкенттегі балалар үйіне барды. Бұрын дәл осы балалар үйінде Шоқан тұрған екен. Оны франциялық әйел кішкентай кезінде асырап алған.

Бұл туралы Otyrar порталына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Осы күнге дейін Францияда тұрып келген Шоқан таяуда Қазақстанға барғысы келген. Дәлірек айтқанда, өзінің туған қаласы Шымкентті көргісі келіпті.

11 жыл бұрын 8 айлық Шоқанды Шымкенттегі балалар үйінен Франция тұрғыны Каролина Лебрард асырап алған. Қазіргі уақытта ол Парижде тұрып, сол жерде білім алып жатыр. Асырап алған анасы Мельхиорға Қазақстанда туып өскенін және оны асырап алғанын айтқанда, бала туған жерін көріп, өзін тәрбиелеген тәрбиешілермен танысқысы келіпті. Өз кезегінде Шоқанның асырап алған анасы оның тілегіне қарсы болмаған.

«Мен оны кішкентай кезінде алып кеткенмін. Кіп-кішкентай, сүйкімді еді. Тіпті, ол маған белгі берді. Мен балалар үйінің холлында тұрғанда, кішкентай баланы алып бара жатты. Сол кезде сәби маған қолын бұлғады. Менің ойымша, бұл тағдыр. Мен өз таңдауым үшін ешқашан өкінген емеспін. Ол – менің жаным. Мен оның есімін өзгертпедім. Тек екінші есім беруді ұйғардым. Құжатта оның есімі Мельхиор-Шоқан деп жазылған. Ұлым туған жерін көргісі келгенде, мен қуана келістім», – дейді Шоқанның анасы Каролина Лебрард.

Өз жасынан әлдеқайда ақылды бала өзінің екі отаны бар деп санайды. Ол өзі туған мемлекет туралы оқығанды жақсы көреді. Тіпті, қазақ тілін үйрене бастаған.

«Мельхиордың Францияда бірнеше досы бар. Оларды да ата-аналары Қазақстаннан асырап алған. Олар барлығы бірге қазақ тілін үйренуді ұйғарды. Тек мұғалім таба алмаған еді. Алайда осы тұста Парижде оқып жатқан қазақстандық студент көмектесті», – дейді анасы.

Анасы мен ұлының Шымкентте болғанына 3 күн болған. Оларды балалар үйінде өз туысындай қарсы алды. Қызметкерлер бұрын кішкентай Шоқан ұйықтаған бөлмені көрсетіп, оған күтім көрсеткен тәрбиешілермен таныстырды.

Каролина Шоқанды асырап алғысы келгені сонша, жолында кезіккен қиындықтар да кедергі болмапты. Әйел тұрмысқа шықпағандықтан, бала асырап алуда қиындықтар туындаған. Өз сөзінде Каролина, ұлына деген махаббаты өзіне күш бергенін айтты.

Бұған дейін анасы мен Шоқан Астанада болған екен.

«Қазақстанда жүргенімізге бір аптадан асты. Біз әлі де таңғалудамыз. Біріншіден, халықтың қонақжайлығы қайран қалдырады. Олар жылы жүзді. Сұрақтарыңа міндетті түрде жауап береді. Шоқан етті сүйіп жейді. Сондықтан мұндағы тағамдар оған ұнады. Сонымен қатар мен ұлымның айранды ұнататынын білдім. Өкінішке орай, Парижде айранды таппайсың», – дейді Каролина Лебрард.

Каролина мен Шоқан Шымкентте 3 күн болады. Мұнда іске асырғысы келетін жоспарлары да көп.

«Шоқан базарға барып, сіздердің өнімдерді, сонымен қатар ұлттық киімді сатып алғысы келеді. Бұл – оның арманы. Ал мен Түркістанға барсам дейін. Мен ол туралы көп оқыдым. Демалыс күндері ойға алғанымыздың бәрін атқарып үлгереміз деп ойлаймын», – дейді Шоқанның анасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<