Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы биылғы доп додасындағы үздіктерді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Премьер-лига үздіктері футбол клубтарының жетекшілері, бас бапкерлері, команда капитандарының дауыс беру нәтижесі бойынша белгілі болды. Олардың назарына үздік бес үміткерден тұратын тізім ұсынылды. Дауыс берушілердің әрбірі үш үміткерді таңдады. Бірінші орынға – үш ұпай берілсе, одан кейінгі орындарға екі және бір ұпайдан жазылды. Барлық ұпайды санау арқылы сауалнама қорытындыланды.
Нәтижесінде ең үздік шабуылшы ретінде алматылық «Қайраттың» бразилиялық легионері Вагнер Лав топ жарды. Ол 80 ұпай жинады.
Одан кейінгі орындарда Абат Айымбетов («Қайрат») – 66, Элгуджа Лобжанидзе («Қайсар»), Сергей Зенев («Шахтер»), Педро Эуженио («Жетісу») бар. Ал жартылай қорғаушылар қатарынан 68 ұпай жинаған «Ордабасы» ойыншысы Жоао Паоло бірінші орын алды.
Келесі кезекте Асхат Тағыберген («Қайсар»), Айбол Әбікен («Қайрат»), Джаба Канкава («Тобыл»), Тигран Барсегян («Астана») алғашқы бестікте болды. Қорғаныста 74 ұпай жинаған «Қайрат» ойыншысы Ғафуржан Сүйімбаевқа тең келерлік ешкім болған жоқ.
Одан кейінгі орындарға Нұралы Әліп («Қайрат»), Сергей Малый («Тобыл»), Раде Дугалич («Қайрат»), Ілияс Әмірсейітов («Қайсар») орналасқан Ал қақпашылар арасында «Тобыл» ойыншысы Александр Мокин 59 ұпай жинап, үздіктер көшін бастады.
Алғашқы үздік бестікке Стас Покатилов («Қайрат»), Ненад Эрич («Астана»), Марко Милошевич («Каспий»), Мирослав Лобанцев енді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<