Футболдағы кезекті маусым мәресіне жетті

359

0

Бүгін аудандық мәдениет және спорт бөлімі мен аудандық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен әуесқойлар футбол лигасы “Қыс – 2022-2023” ойындарының қорытынды шарасы өтті.

«Жалаңтөс батыр» атындағы орталық стадионда өткен жабылу салтанаты шарасына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов құттықтау сөз сөйлеп, дүбірлі доданы ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Сондай-ақ, жеңімпаздар мен үздік ойыншыларға медальдар мен дипломдарды табыс етті.

Тартысқа толы бәсекенің қорытындысы бойынша А лигада «Сыр маржаны» командасы жеңімпаз атанса, «Бекарыстан би» мен «Авангард» командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Сонымен қатар Б лигасы бойынша “Алға” құрамасы алтын жүлдені қанжығалады. Ал Арал ауданынан келген “Жаңа ауыл” командасы екінші орын, “Шөміш” жігіттері үшінші орынға қол жеткізді. Бұдан бөлек, “35+” жастан асқан ойыншылардың бәсекесінде бірінші орын “Намыс”, екінші орын “Әділхан” және үшінші орынды “Көркем сервис” командасы еншіледі.

Шарада жарыста керемет ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар, жаттықтырушылар және төрешілер үздіктер қатарынан көрініп, арнайы дипломдармен марапатталды. Одан бөлек, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтарға да «Алғыс хаттар» табысталды.

Айта кетейік, бес айға созылған байрақты бәсекеде “А”, “Б” және “35+” лигалары бойынша барлығы 27 команда, 400-ге жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынаған болатын.

Қазалы ауданы әкімінің

баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<