Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Жиында облыстық инспекциялық топтың тексеру қорытындысы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемелерде, сондай-ақ, Жаңақорған ауданында мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуы мәселелері қаралды. Алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова инспекциялық топтың 2021 жылдың 5-30 сәуір аралығында Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекемелерде жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесін баяндады.
– 2020 жылғы 20 тамызда өткен облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында ішкі саясат басқармасы облыстық полиция департаментімен бірлескен ведомствоаралық облыстық инспекциялық топ құрылды. Инспекциялық топ жоғарыда аталған мерзімде барлығы 374 мемлекеттік мекемені қамтыды. Зерделеу барысында 35 мекемеде кемшіліктер анықталып, 13-і дер кезінде қалпына келтірілсе, 2 мекемеге әкімшілік хаттама толтырылды, – деді басқарма басшысы.
Бұл ретте облыс әкімі кейбір аудан әкімдіктері мен аумақтық департаменттердің аудандық бөлімшелерінде заңнама талаптары сақталмайтынын айтып, аудан әкімдіктері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия тиісті деңгейде жұмыс істемей отырғанын сынға алды.
– Рәміздерді қолдануда аудан әкімдіктері мен облыстық басқармаларға қарасты мекемелерде, аумақтық департаменттердің аудандық бөлімшелерінде заңнама талаптары сақталмайтыны айтылды. Биыл, Ел тарихындағы мерейлі дата – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет арта түсуі керек. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарауды қалыптастыруда, ең алдымен, өздеріңіз үлгі болыңыздар. Алдағы уақытта заңнама талаптарын сақтамау фактілері тіркелетін болса, жеке жауапкершіліктеріңіз қаралатынын ескертемін, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы және насихатталу барысы туралы аталған басқарма басшысы Гаухар Қалмақова мәлімдеді. Басқарма басшысы рәміздерді пайдалану мен насихаттау бағытында арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, қазіргі таңда басқармаға қарасты мекемелерде кемшіліктер анықталмағанын жеткізді.
Ал, Жаңақорған ауданында мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуы жайын аудан әкімі Руслан Рүстемов баяндап, инспекциялық топтың ауданда анықтаған кемшіліктерінің барлығы бүгінде жойылғандығын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілетін шаралар қатарында мемлекеттік рәміздер ұлықталатын болады деді.
Жиында аймақ басшысы мемлекеттік рәміздерді насихаттауда идеологиялық жұмыстарға аса мән беру керектігін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы» – деген болатын. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді барша азамат қасиетті борышы ретінде ұғынуы тиіс. Осы ретте, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні аясындағы іс-шаралардың мазмұны мен өткізілу форматтары жаңа бағыттарда болуы қажет. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын бейнелейтін ерекше құнды белгілерді құрметтеу, насихаттау – әрбір Қазақстан азаматының міндеті! – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыстық басқарма басшылары, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аумақтық департамент басшыларына өздеріне қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздердің талапқа сай орналасуын тұрақты бақылауға алып, облыстық инспекциялық топтың тексеру қорытындысына сәйкес, кемшілік жіберген мекеменің жауапты тұлғаларының жауапкершілігін қарауды тапсырды. Облыстық инспекциялық топ анықтаған кемшіліктерді 1 ай ішінде ретке келтіріп, аудан әкімдіктері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның жұмысын күшейтуді жүктеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<