Ел арасында «Бесінші квартал» аталатын аумақта орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы қазіргі №204 мектепте оқып жүрген кезім. Сол тұста бізге дене тәрбиесінен сабақ беретін Өтеген Балымбетов ағайдың есімі дүркіреп тұрды. Өтеген ағайдың мектеп оқушылары арасынан ұйымдастырған гандбол секциясына тамсана қарайтынбыз.
Мектеп құрама командасының аудандық, облыстық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп, жеңімпаздар қатарынан табылуы талай баланың спортқа деген құштарлығын арттырғаны даусыз.
Мектеп ауласында гандболдан аудандық жарыстарда, жаттығу кезінде ойыншылардың әрбір қимылына іштей сүйсініп, солардай болуды армандайтынбыз. Мектептегі гандбол құрама командасының белді ойыншылары Батырхан Тасыбаев, қақпашы Болат Жолтаевтың ойын кезіндегі шеберлігі әлі күнге дейін жадымда сақталып қалыпты. Өкінішке қарай, Өтеген ағай өмірден өткен соң гандбол үйірмесінің жұмысы тоқырап қалды. Алайда аяулы ұстазымыздың ұлағатты ісі біржолата өшкен емес. Мақаланы жазу барысында Балымбетовтың негізгі мамандығы математик екенін, гандболды өз бетінше үйренгенін естігенде таңданысым арта түсті. Міне, нағыз кәсіби шеберлік. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген даналық сөздің шынайы мән-мағынасы дәл осындай болар.
Арада жылдар жылжыды. Бітер істің басына, №5 кәсіптік мектепке Болат Жолтаев басшылық қызметке келген соң гандбол үйірмесін жандандыруды қайтадан қолға алды. Бұл бастаманы бір кезде гандбол алаңында жасындай жарқылдаған Батырхан Тасыбаев, Кенжебек Толыбай, тағы да басқалар қуана құптады. Болат Әбенұлы облыстық «Сейхун» командасының жаттықтырушысы Вячеслав Ким, республикалық Гандбол федерациясының президенті, жерлесіміз Гүлнар Тұрлыхановамен байланыс орнатты. Осылайша Қазалыда белді команда пайда болды. Алдымен гандболшы ер балалар, кейін қыз балалар командасы құрылды. Төгілген тер, тынымсыз жаттығу өз жемісін берді. Училищенің гандбол командасы ауқымды жарыстардан бірде-бір рет құрқол қайтқан емес. Қазір Кенжебек Толыбай облыс орталығындағы Назарбаев мектебінде жаттықтырушы болып қызмет жасайды.
Қазалыда гандболдан дүбірлі дода өтті. Тартымдылығымен ерекшеленген жарыс Батырхан Тасыбаевтың 63 жасқа толуы құрметіне арналды. Аудан әкімінің қолдауы, қоғамдық негіздегі аудандық Гандбол федерациясының ұйымдастыруымен өткізілген турнирге білім, ішкі саясат, спорт бөлімі, №204 мектеп ұжымы белсене атсалысты.
Гандбол алаңындағы шиеленіске толы бәсекеде №216 мектеп командасы жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды №276 мектеп командасы, 3-4-орындарды №№91, 266 мектеп командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов, қоғамдық негіздегі аудандық Гандбол федерациясының президенті Болат Жолтаев арнайы дайындалған дипломдар мен сыйлықтар, түрлі номинациялар тапсырды. Аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Орысбек Жамшейітов, демеушілер атынан «Намыс-Құрылыс» ЖШС директоры Мәлік Өтеулі, ардагер спортшы Қуатбай Оразов, Әділбек Байсеңгіров және Батырханның туыстары құттықтау сөз сөйледі.
Жарыс соңында Болат Жолтаевты сөзге тартқанымызда:
– Батырхан Тасыбаевтың отбасын «спортшылар отбасы» десек, жарасымды. Зайыбы Күлпатша – жеңіл атлетикадан ауданның бірнеше дүркін чемпионы, облыстық жарыстың жүлдегері. Қызы Раиса – спорттың бірнеше түрінен аудан чемпионы. Жақында облыстық спартакиада жүлдегері атанды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен обыстық спартакиадада теннистен чемпион, басқа спорт түрінен жүлдегер болды. Бүгінгі жарыста ойыншылардың шеберлік деңгейі біршама жоғарылағанын аңғардық. Мұны жаттықтырушылардың еңбегі деп білемін. Осы ретте мына жайтты ортаға салсам. Қол добынан өткізілетін республика біріншілігіне қатысуға аудан құрамасының деңгейі әбден жеткілікті. Тіпті жарысқа шақырту да алды. Тек қаржылай қолдау болса ауданның гандбол командасының жұлдызы жанғалы тұр. Бүгінгі жарысқа демеушілік жасаған «Намыс-Құрылыс» ЖШС басшысы Өтеулі Мәлік, «Энергомера» ЖШС басшысы Бекетай Мұхашов және «Қазалы Жолшы» ЖШС басшысы Нұрлан Дүйсенбаев мырзаларға айтар алғысымыз шексіз, – деді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<