Газ бағасының өсуіне не себеп?

285

0

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев өңірде газ бағасының өсуіне байланысты ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді. Бұл өзгеріс ҚР Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асып отыр.

– Жаңа түзетуді негізге алсақ, облыс бойынша газ бағасы – 1 литр үшін 90 теңге, ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықта орналасқан елді мекендерде 95 теңге, өсім 28 пайызды шамалайды. Айта кетсек, өзге өңірлермен салыстырғанда облысымыз сұйытылған мұнай газының ең төменгі бағасы бойынша алғашқы бестікте. Еліміздің 10 облысында баға 107 теңгеге дейін көтерілген. Ең жоғарғысы – 107 теңге, ең төменгісі – 70 теңге. Облыс әкімдігі қаңтар айында операторлармен бірнеше мәрте мәжіліс өткізіп, нәтижесінде келісімге қол жетті. Біріншіден, қаңтар айында алынған газ қалдығы ескі бағамен, яғни 65-75 теңгеден сатылды. Еліміздің бірқатар өңірінде ақпанның алғашқы күнінен бастап газ көтерілген бағамен тұтынушыға жол тартты. Өндіруші зауыттарда баға 15 пайызға қымбаттады. Осыған байланысты операторлар өз кәсібіне зиян келмес үшін жаңа бағамен сатуға көшті, яғни ол тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін өсті. Екіншіден, шекті бағадан 5 теңгеге төмендетіп, облыс орталығында газдың 1 литрін 85 теңгеден, ал аудандарда 90 теңгеден сатуға операторлар ұсыныс білдірді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, ақпан айына министрліктен 7300 тоннаға жуық газ бөлінді. Оған қоса Энергетика министрлігімен келіссөз жүргізіліп, ақпан айына қосымша 2000 тонна газ бөлу жоспарланып отыр.

– Бағаның көтерілуінің басты себебі – еліміздегі газды тұтынудың өсуі. Сұйытылған мұнай  газын тұтыну 2022 жылы 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейін жетті. Мысалы, аймақта 2022 жылы сұйытылған мұнай газын тұтынатын 7290 автокөлік  болса, 2024 жылы 35690 автокөлік тіркелген, яғни 5 есе артқан. Одан бөлек сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны – тоннасына 63-65 мың теңге. Ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 51932 теңге деңгейінде белгіленген.  Бұл ретте өндіруші зауыттарда жыл сайынғы жоспарлы жөндеу және жаңғырту үшін қаражат тапшылығы байқалған.

Сондай-ақ жанар-жағармайдың сату бағасы мемлекеттік реттеуден босатылды. Алайда, қазіргі таңда операторлар бағаны 2024 жылғы деңгейде ұстауда. Атап айтқанда, АИ-92 бензині – 205 теңге, дизель отыны – 295 теңге. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, алдағы 15 ақпаннан бастап АИ-92 бензин және дизель отыны бағасының 2-4 теңгеге өсуі күтілуде. Қазір облыста АИ-92 бензиннің  9 мың тоннаға жуық, АИ-95 бензиннің 1000, дизель отынның 8 мың тоннаға жуық қоры бар. Одан бөлек газ құю бекеттерінде 900 тонна сұйытылған мұнай газ қалдығы бар.  Оған қоса Атыраудан 18 вагон (648 тонна) газ келе жатыр. «Қазгермұнай» компаниясынан күнделікті 200 тонна газ операторларға жеткізілуде.  Бұл мәселе әкімдіктің тұрақты бақылауында тұр, – деді Ардақ Темірханұлы.

«СБ» ақпарат