Қызылордада бірнеше күннен бері автогаз тапшы. Жанар-жағармай құю бекеттерінің алдында арзан отынды күтіп, қаңтарылған көлік егелерінің көңілі күпті. Өйткені газ тек талонмен беріліп жатыр. Аймақта қалыптасқан ахуалға орай облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев түсінік берді.
Белгілі болғандай, бұл Қызылорда облысында ғана емес, еліміздің барлық өңірінде байқалып отыр. Республика бойынша мұнай газының тапшылығы 20-25 пайызға жеткен. Энергетика министрлігі мұның себебін сұйытылған газ пайдаланатын көлік санының артуымен (2022 жылы – 491 мың, 2023 жылы – 582 мың) байланыстырады.
Өңірде де өсімді байқау қиын емес. Облыстық полиция департаментіне тіркелген газбен жүретін көлік саны 2021 жылы 4528 болса, 2022 жылы 7290, 2023 жылы 29828, биыл 6 айда 33908-ге жеткен. Демек, 2022 жылдан бері 4 есе артты.
– Облыста 210 газ құю бекеті, 6 газ сақтау қоймасы арқылы 25 оператор газ сатумен айналысуда. Сұйытылған мұнай газының бөлінісі Энергетика министрлігі бекіткен қағидаға сәйкес жүргізілуде. Өңір бойынша газдың бір айдағы қажеттілігі – 9 мың (күніне – 300) тонна. Шілде айына 7406 тонна газ бөлінді, тамыз айына – 7682, қыркүйек айына – 6680 тонна. Осыған орай кейбір жергілікті операторлар газды лимит арқылы сатуға мәжбүр. Дегенмен, облыстағы негізгі ірі операторларда газ саудасы тоқтаған жоқ, – деді облыс әкімінің орынбасары А.Зебешев.
Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, газ толтыру станциялары мен зауытта 1558 тонна газ қалдығы бар. Операторлар оны кестеге сәйкес тасымалдауда.
– Газ қорына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Энергетика министрлігімен бірлесе атқарылған жұмыс нәтижесінде облысқа 570 тонна қосымша газ бөлінетін болды, – деді Ардақ Зебешев.
Еске салсақ, шілдеден бастап елімізде сұйытылған мұнай газының бағасы қымбаттады. Өңірде шекті бөлшек саудадағы бағасы литріне – 70 теңге, облыс орталығынан 200 шақырымнан әрі аудандарда – 75 теңге. Тұтынушылар үшін баға 9 пайызға, ал газ желісі ұйымдары үшін газ өңдеу зауыттарынан сатып алу бағасы 12 пайызға өсті.
– Мысалы, министрліктің бұйрығына сәйкес кейбір шекаралас облыстарда бізден қымбат. Шекаралас облыстардағы газ тапшылығына байланысты өңірімізде сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады. Сондықтан өңірге бөлінген газды басқа облыстарға тасымалдау жағдайларын болдырмау үшін шекараға арнайы бекеттер қойылды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар облыс шекарасына жақын аудандарда газ сатылымына лимит орнатылды. Әр автокөлікке – 2000 теңге/29 литр. Облыс әкімдігі көлік егелерін алаңдатқан ахуал тамыз айының басында қалыпқа келетінін, мәселе аймақ басшысының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<