Газ: Тіршілікке – тыныс, өмірге – өріс

45

0

Сыр өңірі тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіп отырған «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» магистралдық газ құбырлары басқармасы» филиалының және «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистралды газ құбырының пайдалануға берілгеніне 20 жыл толды. Атаулы мерекеге орай облыс орталығында бірқатар мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараларға филиал ардагерлері, қызметкерлер, облыстық әкімдік өкілдері және өзге де шақырылған қонақтар қатысты.

2004 жылдың желтоқсан айында аймақ өмірінде елеулі оқиға болды. ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 26 ақпандағы №261 қаулысына сәйкес «Арысқұм иінінің Оңтүстік Торғай құламасындағы мұнай және газ кен орындарының ілеспе және табиғи газдарын кешенді және тиімді пайдалану жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес ауқымды жұмыстар жасалды. «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистралдық газ құбыры және «Қызылорда автоматты газ тарату станциясы» пайдалануға берілді. Осыған сәйкес өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту, Қызылорда қаласының жылу-энергия көздерін және халқын газбен қамтамасыз етуге жол ашылды.

Газ: Тіршілікке – тыныс, өмірге – өріс

Жаңашыл істерге жол ашық

Ел игілігі үшін қолға алынған маңызды жобаны жүзеге асыру сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеді. Аймақтағы мұнай кеніштерінде өндіріліп жатқан «көгілдір отынды» тиімді пайдалану жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң септігін тигізетін еді. Осындай міндетті абыройлы атқара білген сала мамандары уақытпен санасқан жоқ. Қажырлы еңбектің арқасында қаншама шақырымға созылған магистралды газ құбыры Қызылорда қаласына дейін жетті. Сол жылдары облыс тұрғындарының алғашқы легі газ игілігін көре бастады. Ал қазір өңір халқының басым көпшілігі «көгілдір отынды» пайдаланып отыр.

Бұл жөнінде сала ардагерлері «Қызылорда» автоматты газ тарату станциясында болған жүздесу барысында ерекше ықыласпен әңгімелеп берді. Сол бір кезеңде мамандар газ құбырын тартуға жеткілікті деңгейде назар аударып, оны сапалы атқаруға үлкен мән берді.

– Барлығына уақыт төреші. Жиырма жылдай бұрын бұл жұмыс облыс халқының ерекше назарында болды. Ілеспе газ іргесінде өндіріліп жатқанымен жергілікті жұрт оның игілігін көре алмай жүрген еді. Мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдаудың нәтижесінде сол арман ақиқатқа айналды. Бұл қуанышты жағдайды аймақ өміріндегі айрықша оқиға ретінде бағалаймыз. Мен осы мекемеде он жылдан астам уақыт бойы бас инженер қызметін атқардым. Алғашқы кезеңде облыста «Ақшабұлақ-Қызылорда» жалғыз газ құбыры еді. Одан кейінгі жылдары аймақтан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры пайдалануға берілді. Олардың барлығы кезінде жоспарланған жобалар болатын. Нәтижесінде бүгінде өндіріс орындары, әлеуметтік нысандар, қарапайым тұрғындар «көгілдір отын» игілігін көріп отыр. Облыстың тыныс-тіршілігіне тың серпін берген маңызды жоба бүгінгі күндері лайықты жалғасын тауып келеді. Міне, сол уақыттан бері жиырма жыл уақыт өтті. Атаулы шараға орай көптеген маңызды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Кезінде бұл мақсатта тынбай тер төккен сала ардагерлеріне көрсетіліп жатқан құрмет көңіліңді марқайтады. Сол бір жылдарда біз іске қосқан автоматты газ тарату станциясы жақында қайта жаңғыртудан өткізілгенін естіп қуанып қалдық. Аға буын өкілдері аталған жұмыстың орындалу барысын көзімізбен көріп, ізбасар мамандарға сәттілік тіледік. Бізге көрсеткен құрметтеріне зор алғысымызды білдіреміз, – деді Өмірбек Алданов.

Газ: Тіршілікке – тыныс, өмірге – өріс

Газбен қамтылған ауыл көбейді

Магистралдық газ құбырының құрылысы еліміздің газ саласы тарихындағы маңызды оқиғаның бірі болды. Қалаға ілеспе газ жеткізу өнеркәсіптің әртүрлі технологиялық бағыттарын дамыту үшін қолайлы жағдай жасады. Осының барлығы халықты жұмыспен қамту, қызмет көрсету және сервис нарығын кеңейту, инвестициялар ағыны, тұтынудың жалпы өсуі көптеген мәселенің тұтас шешілуіне мүмкіндік берді.

– Мен барлық әріптестерімді мерейлі мерекемен құттықтаймын. Олардың әрбірі халықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз ете отырып, облыстың әлеуетін арттыруға сүбелі үлесін қосты. Автоматты газ тарату станциясы жиырма жылдай бұрын өте маңызды нысан қатарына қосылды. Бүгінде әрбір үйде газ ешбір іркіліссіз жанып тұрса оған сала мамандарының қосқан үлесі зор деп бағалаймын. Біздің жасаған еңбегімізді қазір осы салада жемісті еңбек етіп жүрген білікті мамандар ұмытпай, атаулы күн қарсаңында түрлі марапатқа лайық деп санады. Оған қоса кезінде өзіміз жұмыс атқарған мекемелердің тыныс-тіршілігін тағы бір мәрте тамашалауға мүмкіндік жасады. Уақыт өз орнында тұрмайды. Бұл бағытта жылдар тізбегінде қаншама ауқымды жұмыстар жасалып жатқанына тағы бір мәрте көзіміз жетіп отыр. Бұл саланың еңбек ырғағы қай кезде де толастаған емес. Мамандар ауа райының сан құбылуына қарамастан тұрғындарға қалтқысыз қызмет жасауға күш салды. Оларға қыстың қақаған суығы, жаздың аптап ыстығы ешбір бөгет бола алмайды. Өйткені, әрбірі үлкен жауапкершілікпен қызметін атқарады. Мені жылдан-жылға аймақта газбен қамтылған елді мекендердің санының артып келе жатқаны қуантады. Бұл орайда облыс басшылығы тарапынан үлкен қолдау жасалып келеді. Осындай игілікті істер келешекте де лайықты жалғасын табады деген ойдамын, – деді газ саласы ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрсұлтан Назаров.

Сергектікті серік еткендер

«Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» магистралдық газ құбырлары» басқармасы филиалында 376 қызметкер еңбек етеді. Кәсіпорын өңірдегі ірі салық төлеушілер қатарында саналады. Магистралдық газ құбырын пайдалану басталғаннан бері миллиард текшеметрден астам газ тасымалданды. Бұл ретте осы кезеңде газ транзитіне әсер ететін өндірістің жарақаттану, апаттар мен технологиялық істен шығу жағдайы тіркелген жоқ.

Филиал қызметкерлері қым-қуыт жұмыстан қолы қалт еткен сәтте салауатты өмір салтын ұстануға тырысады. Атаулы мереке қарсаңында аталған мекеме бөлімше қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир өткізілді. Оған қатысушылар өз шеберлігін жоғары деңгейде көрсете білді.

Турнирдің ашылу салтанатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары Абзал Кисметов тілектестігін білдірді. Қай кезде де әрбір азамат салауатты өмір салтын ұстануға мән беруі тиіс.

Газ: Тіршілікке – тыныс, өмірге – өріс

– Турнирге қатысып отырған алты команда тартысты ойын өткізеді деген ойдамын. «Спорт пен еңбек егіз» деген сөз бар. Еселі еңбек ете жүріп, спортқа да уақыт бөлуге болады. Сіздердің турнирге қатысуға ықылас білдіргендеріңіз – соның айқын дәлелі. Әрбіріңізге қызмет барысында үлкен табыстар тілеймін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік серік болсын демекпін, – деді ол.

Сондай-ақ турнирдің ашылу салтанатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ техникалық директоры Әуезхан Уромбаев сөз сөйледі. Ал компанияның кәсіподақ ұйымының төрағасы Шалқар Маженаков жұмыстан қолы қалт еткен сәтте сергектікті серік еткен азаматтарға ризашылығын білдірді. Әрбір командаға спорт құрал-жабдықтары мен доптарды тарту етті.

Турнир барысында командалардың шеберлік деңгейі жоғары екені байқалып тұрды. Әдемі ойын өрнегін көрсете отырып, жанкүйерлер қызығушылығын туғыза білді. Сондай-ақ әрбір команданың турнирге ерекше дайындықпен келгені көрініп тұрды.

Еселі еңбекке – лайықты құрмет

Мерекелік шараны қорытындылай келе, көпшілік алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың сала қызметкерлерін құттықтауын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин жеткізді.

– Атаулы күн тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Отыз жылдан астам уақыт бойы еліміз өсіп-өркендеп келеді. Қоғамның қай саласында да жарқын істерге жол ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түскенін байқау қиын емес. Осындай игілікті істердің қатарында өңір жұртшылығын газбен қамтамасыз ету секілді серпінді істер бар. Сала мамандары аймақтың мұнай-газ өндірісінің өркендеуіне зор үлесін қосты. Осылайша аймақ экономикасының қарыштап дамуына негіз қаланды. Жұмыс барысында жоғары технологияға жол ашылып, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалды. Бұл қызметкерлердің мол тәжірибесі мен кәсіби деңгейінің жоғары екенін айғақтайды. Алдағы уақытта да мекеме қызметкерлері жаңа биіктерді бағындырады деп сенім артамыз. Бүгінде Қызылорда облысы тұрғындарының басым бөлігі «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілсе, ол аудандар бойынша 78 пайызға жетті. Оны сала мамандарының еселі еңбегі, қажырлы қайраты, үлкен жауапкершілігінің арқасында қол жеткізген табыстар деп санаймыз. Алдағы уақытта бұл бағытта көптеген жаңашыл жобаларға жол ашылады деген үмітіміз зор. Сондай-ақ «Қараөзек» компрессорлық станциясы арқылы болашақта Астана қаласын және еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыруға мүмкіндік жасалып отыр. Аталған жұмыстардың барлығында сіздердің, сала мамандардың еселі еңбегі бар деп нақты айта аламыз. Сіздерге облыс жұртшылығы атынан ризашылығымызды білдіреміз. Еңбектеріңіз жемісті бола берсін , – деді басқарма басшысы.

Салтанатты шара барысында сала ардагерлері, мамандар облыс әкімінің Алғыс хаты, тиісті министрлік пен компанияның марапаттарына ие болды.

Ал «Интергаз Орталық Азия» АҚ облыстық филиалының директоры Дулат Борашевтың айтуынша, жиырма жылдан астам уақыттан бері қызылордалық газ саласының тәжірибелі мамандары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып келеді. Оған қоса жоғары технологиялық «Қараөзек», «Арал» және «Қорқыт Ата» газ компрессорлық станцияларының іске қосылуына белсене атсалысты. Аталған станциялар қазіргі таңда Астана қаласын, орталық және Оңтүстік өңірлерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіп және еліміздіӊ солтүстік өӊірлерін газдандыруға мүмкіндік береді. Елорданы газдандыру жұмыстары Сыр елінен бастау алғаны аймақ тұрғындары үшін зор мақтаныш.

– Әрбір игілікті істің орындалуына үлкен жауапкершілікпен қарап, өз деңгейінде жасалуына зор үлесін қосқан ардагерлердің еселі еңбегін лайықты бағалаймыз. Әрбіріңізге филиал қызметкерлері атынан үлкен алғыс айтамыз. Сондай-ақ жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта мекемеміз өсіп-өркендеп, алар асуымыз көп болады деп сенемін, – деді Д. Борашев.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<