Газадағы құрбандар саны 34 мыңнан асты

527

0

Фото: Anadolu

Палестинаның Газа секторындағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газа секторында Израильдің жалғасып келе жатқан шабуылдары салдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 34 012-ге жетті. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.

Тек соңғы 24 сағат ішінде 42 палестиналық израильдік шабуылдардың құрбаны болды, тағы 63 адам жарақат алды.

Денсаулық сақтау министрлігі Израильдің 7 қазаннан бері жалғасып келе жатқан шабуылдары кезінде қаза тапқандардың жалпы санының 34 012-ге, жараланғандар санының 76 833-ке жеткенін атап өтті.

Қаза тапқандардың денелері әлі қираған ғимараттардың қирандылары мен жол жиектерінде жатыр. Жедел жәрдем және азаматтық қорғаныс топтары Израиль күштері тудырған кедергілерге байланысты оларға жете алмай отыр.

Израиль-Палестина қақтығысы

2023 жылдың 7 қазанында таңертең ХАМАС әскерлері Израильге қарсы «Әл-Ақса» операциясының басталғанын жариялады.

Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. ХАМАС бұл операцияның басып алынған Шығыс Иерусалимдегі әл-Ақса мешітіне шабуылға және израильдік қоныстанушылардың палестиналықтарға зорлық-зомбылықтың күшеюіне жауап ретінде жасалғанын айтты.

Бұған жауап ретінде Израиль армиясы Газа секторында ондаған жойғыш ұшақтарды пайдаланып, ХАМАС-қа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын жариялады, бұл одан әрі Газа халқының қырғынына ұласты. 27 қазанда Израиль армиясы Газада құрлық операцияларын жүргізе бастады.

Газа секторының 2,3 миллион тұрғыны Израильдің әуе, құрлық және теңіздегі жаппай бомбалауы және анклавты толығымен қоршауының салдарынан азық-түлік, су және дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр.

Мыңдаған ғимарат, соның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шіркеулер де Израильдің әуе және жердегі шабуылдарынан зардап шекті немесе толығымен қирады.

Израильде қаза тапқандар саны 1200-ге жуық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<