Газдандыру: Қарқын үдеп келеді

635

0

Фото: ашық дереккөз

Былтыр 30 мың 300 гектардан аса егіс егіп, жыл соңында жоғары өнім жинаған Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы саласында үздік атанды. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың ізбасарларының тынымсыз еңбегінің арқасы еді бұл. Өңірде егін мен бау-бақша өсіруден бөлек, аудан көлемінде атқарылып жатқан нәтижелі жұмыс көп. Жаңа құрылыстар, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру, елді мекендер арасындағы жолдарды жөндеу сияқты қажеттіліктер біртіндеп іске асуда. Солардың ішінде маңызды саналатын, халық сұранысы артып отырған мәселе – газдандыру. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде Шиелі халқының 68 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізген.

Иә, газға көшу экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсер ететіні белгілі. От жағып, күл шығармайтын қалалықтарға қызығатын ауылдағы ағайынға бұл дүние біртіндеп жетіп жатыр. Кейінгі бес жылда аймақта «көгілдір отынға» қол жеткізген ауылдар қатары көбейгені де белгілі.

Шиелі ауданына қарасты ауылдың көбісі орталыққа жақын. Тіпті кентпен іргелес қоныстанған елді мекендер бар. Мұның өзі жергілікті жердегі инженерлік-инфрақұрылымдық жағдайды дұрыстауға көп септігін тигізуде.

Жоғарыда айтқандай, газ құбырлары тартылып, әр ауылдағы тұрмыстық жағдайдың түзелуі артуда. Бүгінге дейін Шиелі кентінен бөлек, алты елді мекенге «көгілдір отын» келді. Атап айтсақ, «Бидайкөл», «Байсын», Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, «Ақмая» және «Алғабас» ауылдарының тұрғындары осындай игілікті істің қызығын көріп отыр.

Осы тақырыпқа орай, ауданда тағы бір қуанышты жаңалықтың лебі бар. Жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын, елді мекендерге газ тартуды қамтитын 4 жоба тиісті салалық министрлікке ұсынылыпты. Айтылған төрт жобада көрсетілген мақсат біреу-ақ. Ол – ауданға қарасты тағы да төрт ауылға газ құбырын тарту. Бұлар – «Еңбекші», «Бестам», «Досбол би» және «Жиделіарық» ауылдары. Бұның ішінде биыл құрылысты бастау үшін «Еңбекші» ауылына 270 млн теңгеден астам, ал «Жиделіарыққа» 172 млн, 157 мың теңге қаржы бөлінген.

Сонымен қатар  ауданға қарасты «Алмалы» мен Ә.Тәжібаев атындағы елді мекенге газ құбырын тарту үшін қажетті 1 млрд 710 мың теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті. Қазір жоба министрліктің қарауында.

Былтыр М.Шоқай ауылы маңынан құны 2 млрд теңгеден асатын автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталған еді. Бұған қосымша «Тартоғай» елді мекеніне демеушілер есебінен, сонымен қатар «Майлытоғай» ауылы бойынша ішкі және сыртқы магистральды газ құбырларын тарту үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Бұл үшін аудандық бюджеттен 23 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Айтылған жобалар іске асқанда аудан халқының 85 пайызы газбен қамтылмақ.

Айтпақшы, әлеуметтік нысандарды да «көгілдер отынмен» қамту жұмыстары атқарылып келеді. Мысалы, биыл Шиелі кентіндегі №46 және «Алғабас» ауылындағы №157 мектептегі бу қазандықтары газға ауыстырылмақ. Екі жобаның құны 94 млн 515 мың теңге.

Талай жыл көмір жағып, ыс пен қою түтіннің құрсауында отырғанға газдың пайдасы тіптен мол. «Көгілдір отын» көмірмен жылытудан арзанға шығады. Ең бастысы, жыл сайын газдандыру жұмысы қарқын алып, халықтың игілігі еселей түсуде. Ауылдың тұрмыс мәдениеті қаланың қарымына иек артып келе жатыр. Ауызсу, жол, жарық, енді газ жетсе тіршілік, тұрмыс атаулының жаңа сипатқа көшкені емес пе?!

Шиелі жұрты ғана емес, аймақтағы халықты «көгілдір отынмен» қамту жағы осындай нәтижеге жетіп отыр. Әу баста облыс орталығы мен кейбір кент іші ғана газдандырылған болса, кейінгі жылдары қарқын үдеді. Мысалы, 2015 жылға дейін тек облыс орталығы ғана табиғи газды пайдаланып келді. Ал 2014 жылы «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбыры пайдалануға беріліп, одан кейін аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендер «көгілдір отынға» біртіндеп қол жеткізе бастады. Бүгінде өңірдегі қалалар мен 19 елді мекенге газ құбыры тартылып, ондағы жұрт игілігін көріп отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<