Газға қосылғандар көбейе түспек

694

0

Екі ай бұрын ғана Қазалы ауданының әкімі болып тағайындалған Мұхтар Оразбаев бүкіл елді мекенді аралап шықты. Бұл туралы ол өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.


– Ел игілігі үшін атқарылған жұмыс жетерлік. Алыс ауылдарға дейін асфальт жол салынып жатыр. Табиғи газ желісі тартылып, ауызсу сервистік желіге қосылуда. Бірақ бұл бізде проблема жоқ деген сөз емес. Су ұңғымаларын қазу, газдандыру, жайылымды кеңейту мәселелері кезек күттірмейді. Ең бірінші кезекте тұрғындарға қажет осындай дүниелерді қолға аламыз, – деді ол.


Халқы негізінен мал бағып, егін егіп күнелткен бұл аудан үшін де осы жыл қиын тиіп тұр. Қыста қар, көктемде жаңбыр аз жауды. Сырдария өзеніндегі су көлемі де мардымсыз. Шаруалар соның салқынын сезді. Төрт түлікті алдағы суық мезгілде аман сақтау үшін 142 мың тонна шөп, 28,6 мың тонна жем қажет. Шөптің – 65, жемнің 20 процентін өздері қамтамасыз етпек. Ал жетіспейтін бөлігін өзге аудандардан әкелуге тура келеді.


– Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудан­дарындағы 5 шаруа қожалығымен келісім жасалды. Ауылдық округтерде 15 шөп дайындау бригасы жасақталды. Қуаңшылық зардабын тартқан Арал ауда­нының бригадалары біздегі «Жалаңтөс батыр», «Сыр маржаны» шаруа­шылықтарынан шөп орып алып жатыр, – деді аудан әкімі.


Биыл 17 мың гектардан астам жерге егін егілген. Соның ішінде «РЗА» компаниясы су үнемдеу технологиясына көшті.

Тамшылатып суару әдісімен 87 гектар жерге сүрлемдік жүгері егіп, жобаны бастады.

Биылғы қуаңшылық мал өлімін болдырмас үшін су ұңғымаларының маңыздылығын көрсетіп берді. Ауданға 25 скважина керек болса, соның 4-і осы жылы Шәкен, Құмжиек ауылдарында салынбақ.


Жер кезегін күткендер санының ұдайы өсуі халықтың баспанаға мұқтаждығы артқанын көрсетеді. Бүгінде олардың саны 11 мыңға жуық. Осы орайда жыл басынан бері аумағы 17 мың шаршы метрден астам жеке үйлер салынған. Бұл өткен жылғыдан 15,7 процентке артық. Биыл аумағы 60 шаршы метрден кем емес 35 жалдамалы үйді сатып алу көзделіп отыр.


Қазалы қаласындағы 5,5 мыңнан астам абонент жыл соңына қарай от жағып, күл тасу машақатынан құтылады. Бұған дейін оның қызығын Әйтеке би кенті мен Мұратбаев ауылындағы ағайын ғана көріп келген еді. Енді Жалаңтөс батыр, Пірімов және Басықара ауылдарын газдандыру мүмкіндігі қарастырылуда.


Жергілікті билік биыл сапасы жақсы және қанағаттанарлық жол үлесін 75,6 проценттен 80,3 процентке көтеруге мүдделі. Оған ауыл арасы мен ішіндегі көшелер жағдайын жөндеу жұмысы мүмкіндік береді.


– Өткен жылдан бастап қала мен кент орталығындағы жолды кеңейту басталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентіндегі Мұқанов, Әбілқайыр хан көшелері қайта жаңғыртылады. Аймақаш шағын ауданынан автомобиль жолы салынады. Ең бастысы, биыл құрылысы 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына дейінгі автомобиль жолын аяқтаймыз. Амандық болса, шалғайдағы ауыл тұрғындары асфальт жолмен жүретін күн де алыс емес. «Қарлаң» көпірінен Қожабақы, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдарды да жөндеп бітіреміз. Ал Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 шақырым жолды жөндеу жалғасады, – деді М.Оразбаев.


Аудан экономикасы жылдан-жылға ар­тып келеді. Жыл басында бюджет қор­жы­ны 21,6 млрд теңге болса, 6 айда 22,7 млрд теңгеге жетті. Оның 1,9 млрд-ы – өз кірісі.


– Кіріс көлемін ұлғайтудың бірден-бір көзі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындарында 7,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіптің 82,9 проценті өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Алғашқы жарты жылда бұл салада 6,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді, – деді аудан әкімі.


Есепті кезеңде 10 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасы бойынша әзірленген «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі даму жоспарына» сәйкес Қазалы, Арал аудандары ауыл шаруашылығы саласына негізделген топқа іріктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<