Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде профессор, филология ғылымдарының кандидаты Өскенбай Көзбеков атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Бұл – кейінгі үш жылда демеушілер есебінен ашылған он төртінші дәрісхана.
Жиында басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова ғалымның еліміздегі білім мен ғылым саласына қосқан еңбегін атап өтіп, университеттің стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін Өскенбай Арысбайұлының ұлы Ерсұлтан Өскенбайұлын «Қорқыт ата атындағы Алтын медальмен» марапаттады. Дәрісхананың лента қию құрметі Бейбіткүл Сәрсемханқызы мен профессор Жеңіс Сәдуақасұлына берілді.
Салтанатты шарада ғалымның шығармашылығы жайлы айтылды, әріптестері естеліктерін бөлісті. Басқосуға Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-ректоры Асқар Әбдуәлиұлы, облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Қуантқанұлы, университеттің профессор-оқытушылары Жеңіс Сәдуақасұлы, Ұлжан Нахатқызы, Сара Тамшыбайқызы, Ғабит Әнешұлы, студенттер мен ғалымның отбасы, достары және шәкірттері қатысты.
– Жаңа дәрісхана әдебиеттану теориясына арналған. Дәрісхана интерактивті тақтамен қамтылған, онда еліміздегі ғалымдардың Өскенбай Көзбеков туралы ең үздік лекциялары жинақталды. Мұндағы барлық көрнекілік білім алушыларға заманауи білім беруге негізделген, – деді «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов.
1986-1991 жылдары Қазақтың әл Фараби атындағы Ұлттық университетінде білім алған Өскенбай Көзбеков педагогикалық еңбек жолын тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметтен бастаған. Кейін аға оқытушы, факультет деканының орынбасары болды. Ол осы қызметімен қоса ғылыми ізденістерін де жалғастырып, 1998 жылы «О.Бөкеев прозасының поэтикасы» тақырыбында қазақ әдебиеті мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Бұл ғылыми жұмысы әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан оң бағаланды. Мәселен, академик Т.Кәкішев мұны ерекше еңбек ретінде атап көрсетті.
Ғалым әдебиетті оқыту әдістемесі мәселелерімен де айналысып, «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша әдістемелік нұсқаулық әзірледі. Сонымен қатар, «Орыс әдебиетінің тарихы» атты типтік оқу бағдарламасын құрастырды. Өскенбай Көзбеков – 30-дан астам ғылыми-әдістемелік мақаланың авторы.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»






