Ғалымбек Жақсылықов: «Биыл бастаулықтардың 68 пайызы кәсібін ашты»

1874

0

Биыл Қызылорда облысында 2,8 мыңға жуық азамат «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, оның 68 пайызы кәсібін ашуға қаржы алды. Осы және өзге де жаңалықтармен Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов сұхбатында бөлісті.

– Ғалымбек Жақсылықұлы, өткен жылдан басталған пандемия барлық сала секілді, кәсіпкерлерге де айтарлықтай сынақ болды. Жалпы биыл кәсіпкерлердің белсенділігі қандай?

– Дұрыс айтасыз, соңғы екі жыл кәсіпкерлер үшін оңай болып жатқан жоқ. Дегенмен былтырмен салыстырғанда осы жылы кәсіппен айналысып жатқан, сондай-ақ айналысуға ниетті жандар еркін жұмыс істей бастады. Биыл кәсіпкерлік белсенділіктің артқанын несиелендіруден байқауға болады. Бір ғана «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде биыл жергілікті кәсіпкерлер 1961 жобаға 29,1 млрд теңге несие алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық артық (былтыр 15,7 млрд теңге). Кәсіпкерлер алған несиеге өндірістер ашып, жұмыс орындарын құрып жатыр. Биыл Кәсіпкерлер палатасының мамандары кәсіп ашуға қатысты 3,5 мың азаматқа 9 мыңнан астам кеңес берді. 930 кәсіпкерге қызмет көрсетіп, бухгалтерлік және салықтық есептілігін тапсырды, бизнес-жоспарларын әзірледі.

– Қызылордалықтар арасында «Бастау Бизнес» жобасы сұранысқа ие екенін білеміз. Биыл қанша адамды оқыттыңыздар?

– Иә, «Бастау Бизнес» жобасына әлі де сұраныс жоғары. Жоспарланған 2,5 мың азаматтың орнына осы жылы 2,8 мыңға жуық адам оқыды. Биыл оқыған бастаулықтардың 68 пайызының жобасы түрлі қаржы ұйымдары арқылы қаржыландырылып, кәсібін бастап кетті. Осы жылдың жағымды жаңалықтарының бірі – жоба аясында оқыған азаматтардың жобасын қаржыландыру үшін арнайы шағын қаржы ұйымы құрылды. Облыс әкімдігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен құрылған Atameken Qyzylorda микроқаржы ұйымы республика бойынша ең соңғы тіркелген қаржы институты болса да, қазір қаржыландыру бойынша 15 облыстың арасында 7 орында. Бүгінге дейін 63 бастаулыққа барлығы 218 млн теңге несие берді.

– Бизнес өкілдерінің құқығын қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

– Жыл көлемінде палатаға түскен 541 өтініштің 126-сында бизнес өкілдері құқығын қорғауды сұраған. Заңгерлеріміз бұл өтініштердің 40 пайызында оң нәтижеге қол жеткізіп, мыңнан аса кәсіпкердің құқығын қорғап қала алды. Қосымша 965,2 млн теңге қаржысын да сақтап қалды. Қабылданған шаралардың негізінде кәсіпкерлердің қызметін жүргізуге кедергі келтірген 7 мемлекеттік қызметкер тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкерлерден түскен арыздар бойынша 31 жүйелі мәселені жинақтап, реестрге енгіздік. Оның 18–і жергілікті жерде шешуді қажет ететін проблемалар. Бүгінде оның 9–ы оң шешілді.

– Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің атқарған жұмысына тоқталсаңыз…

– Кәсіпкерлер палатасы жанында Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі жұмыс істейді. Кеңес кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мен қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелерді жедел әрі жүйелі шешу мақсатында құрылған. Осы жылы кеңестің 12 отырысы өтіп, 16 мәселе қаралды. Кеңес мүшелері кәсіпкерлердің құқығын қалпына келтіру бойынша мемлекеттік органдарға 21 ұсыныс берген болатын. Оның 14–і қолдау тапты. Нәтижесінде кеңестің жұмысы арқылы 500-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды.

– Ғалымбек Жақсылықұлы, келер жылға қандай жоспарларыңыз бар?

– Келесі жылы да кәсіпкерлерге арналған қаржылай емес қолдау шараларымызды, «Бастау Бизнес» және өзге де жобаларымызды жалғастырамыз. Қызылордалықтарды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Амандықта болайық.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Қызылорда облысы,

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<