Ғалымдар күріш селекциясын жүргізуде

283

0

Күріш шаруашылығына бейімделген өңірімізде егінге суды үнемді пайдалану, дақылдың жаңа сорттарын дайындау, зерттеу  жұмыстары өте өзекті.

Биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Агробиологиялық орталығында күріш селекциясы және күріш дақылының инновациялық технологияларын зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысына жергілікті «Маржан»  және шетелдік «Бальдо», «Лазурный» сорттары пайдаланылды. Көктемде орталық аумағына себілген дән қазіргі уақытта толықтай пісіп-жетілген.

 Кеше университетет ғалымдары мен докторант, магистранттар дақылды жинап алу сәтінен бұрын семинар өткізіп, жұмыстарды талқылады. Айта кету керек, ғалымдар дақылды жинап алып, алдағы уақытта әр өсімдікке биометриялық, биохимиялық анализ жасайтын болады.

Семинарда техника ғылымдарының докторы, ауылшуаршылық академиясының академигі, Агробиологиялық орталықтың бас ғылыми қызметкері Серікбай Өмірзақов егін шаруашылығының маңыздылығына тоқталып, бұл сала арқылы азық-түлік қоры жасақталып, мал шаруашылығына қажетті өнім алынатыны туралы ерекше атап өтті.

-Қазір ғалымдар, су, жер ресурстарын тиімді пайдалану арқылы әрбір гектардан мол өнім алуға жұмыс істеуде. Мол өнім алу сапалы сортқа байланысты. Тіпті, 100 гектардан алатын өнімді 60-70 гектарға егіп алуға болады, – деді ғалым.

Ал, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Агробиология орталығының бас ғылыми қызметкері, агротехнология кафедрасының доценті Лаура Тохетова жаңа будандарды жасап шығаруға классикалық селекция әдісі қолданылғанын айтты.

-Біз ғылыми жұмысқа енгізген «Маржан» сорты мутагенез арқылы алынған. Ал, гибридтік популяцияларды біздің сұранысымыз бойынша Ресейдің Краснадор аймағында орналасқан Күріш институтының ғалымдары жасап берді.  Осыған дейін де бір топ ғалымдар жұмыс жасадық. Қазір үшінші ұрпақ популяциясын өсірдік. Мұны жинап алып, әр өсімдікке биометриялық, биохимиялық анализ жасап, іріктеу жасаймыз, – деді ол.

Айта кету керек, ғылыми кеңесшілердің жетекшілігімен селекция жұмыстарын өсімдік шаруашылығы мамандығының докторанты Гүлмира Ахметова, Гүлжан Қайырбекқызы, магистрант Рената Ақжүнісова жүргізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<