Биыл қазақ халқының ұлы ағартушысы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Генетикалық тіл ғылымы – гуманитарлық білімнің заманауи жаңа бағыты: зерттелуі, мәселелері, болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық ІІ онлайн-конференция өтті.
Конференцияны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылым департаментінің директоры, доцент Қали Омаров жүргізді.
Алғашқы баяндамашы филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ғалым Шанжархан Бекмағамбетов «Генетикалық дыбыстаным: тіл дыбыстарының ілкі пайда болуының ғаламдық жүйенің құрылымдық-семантикалық элементтерімен байланысы» тақырыбында сөз қозғады.
Күн тәртібіне сәйкес ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты фонетика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты А.Аманбаева, Анкара қаласындағы Башкент университетінің профессоры, доктор Сүйер Екер, филолог, аудармашы Р.Құлжан, филология ғылымдарының кандидаты Н.Рсалиева баяндама жасап, талқыға ұсынылған тақырып төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференцияның қорытынды сәтінде Шанжархан Бекмағамбетов бұл күрделі ғылыми тақырыпты бір жиынның ауқымында талқылау мүмкін еместігін, алдағы уақытта да жалғасатынын айта келіп, қатысушы ғалымдарға алғысын білдірді.
– Биыл – қазақ халқының ұлы ағартушысы, Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осынау айтулы мерекеге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінгі конференция осыған орайласқан болатын, – деді ғалым.
Бұдан әрі өңір ғалымдарының басқосуы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Шанжархан Бекмағамбетовтің педагогикалық қызметіне 55 жыл толуына орай Гуманитарлық-педагогикалық институты кеңесінің салтанатты мәжілісіне жалғасты. Ғылыми кеңесте әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай ғалымның еңбек жолына тоқталып, ғылымға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Шанжархан Бекмағамбетов – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім мен ғылым, тәрбие беру қызметіне, кәсіби маман дайындау ісіне айрықша үлес қосып келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Ғалым тіл теориясы, тіл генетикасы салалары бойынша ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Ол адамзат тілінің пайда болуы мен қызметі туралы жаңа ғылыми бағыт – генетикалық тіл ғылымының авторы болып есептеледі, – деді ол.
Салтанатты жиында ғалым ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының шешімімен Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және білікті мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы ордені, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік оқытушысы» медалімен марапатталды.
Ш.Бекмағамбетов – бірнеше оқу-әдістемелік құралдың, 50-ден аса ғылыми мақалалардың авторы. Сондай-ақ, «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар», «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» атты ғылыми монографиялар мен ЖОО студенттеріне арналған оқу құралдарын даярлаған. Ал 2010 жылы «Жүректегі жазулар» атты жыр жинағы жарық көрді. Бүгінде жас әдебиетшілерді қолдау бағытындағы «Құс қанаты – Қызылорда» қоғамдық қорының төрағасы. «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «М.Шолохов» медалі, университеттің Қорқыт ата атындағы Алтын медалінің иегері.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<