Ғанидың шаңырағы

429

0

Ғани Мұратбаев музейінің іргетасы 1968 жылдың 7 қарашасында қаланды. Оған ХІХ ғасырдың соңында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден тұрғызылған орыс саудагерінің  үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер  депутаттары Қазалы қалалық кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді. Алғашында Қазалы қалалық кітапханасында 1967 жылы ұйымдастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылған.

Кеңес уақытында Ғани ғұмырын зерттеп, кітап жазған зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтың жеке архивінен құжаттар мен фото-суреттерді сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Теңел Жұмабаев арқылы алдық. Бастапқы кезде музейде небәрі 3 зал, 200 жәдігер болса, бүгінде жеті экспозициялық, бір көрме залы мен қорда ұзын-саны 5 мыңға жуық экспонат, хаттар, көпшілікке беймәлім құжаттар мен фотосуреттер бар. Қызметтес болған жандардың ол туралы жазған естеліктері мен кітаптары да жинақталған. 2002 жылы Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде оның Мәскеудегі Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылған.

– Қазалыға ат басын бұрған мемлекет, қоғам қайраткерлерінен бастап, ТМД елдері мен аудан, облыс қонақтарының бәрі мұнда соқпай кетпейді. 2002 жылы арнайы келіп, қолтаңбасын қалдырған сондай қадірлі қонақтың бірі «Ғани» көркем фильмінде басты рөлді сомдаған актер Құман Тастанбеков еді. Әбіш Кекілбайұлы да арнайы келіп, альбомға жүрекжарды сөзін жазған, – дейді музей директоры Роза Асанова.

Оның айтуынша, Ғани есімін жаңғырту шаралары толастаған емес. Мысалы, жыл сайын оның туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Музей жанында «Жас ғанитанушылар» үйірмесі мен үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі жұмыс істейді. Үйірмеге оқуда озат, қоғамдық істе белсенді де, өнерлі оқушылар қабылданды.

2016 жылдан бері Қазалы ауданында Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын беру қолға алынған.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<