12 сәуірде әлемдік қауымдастық айрықша датаны атап өтеді. 1961 жылы дәл осы күні адамның ғарышты игеру дәуірі басталды. Юрий Гагариннің «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшуы – әлемдік ғылым дамуының жарқын көрінісі. Содан бері 60 жылдан астам уақыт кезеңінде адамзат баласы ғарыш кеңістігін игеруде үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Ғарыш технологияларының ғылымға, техниканың дамуына игі ықпалын тигізіп отырғаны сөзсіз. Осы уақытта орбитада мыңдаған жер серіктері ұшып жүр. Олар адамзат үшін қажетті аса маңызды стратегиялық міндеттерді орындауда.
Әдетте, ғарышты игеруге қатысып жатқан мемлекеттерді көбіне бейресми түрде ғарышқа ұшқан ғарышкерлерінің және жер серіктерінің санымен бағалап жататыны бар. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде жер серігі де, ғарышкері де жоқ мемлекет еді. Алайда, әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағы – «Байқоңыр» біздің елде. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстан ғарышқа азаматтарды ұшырған 40, жасанды жер серігін шығарған 70 мемлекеттің қатарына қосылды. Ал түркітілдес мемлекеттер арасынан ғарышқа алғаш болып азаматын ұшырған Қазақстан еді. Қазақстанның ғарышты игеруге деген ұмтылысы КСРО ыдырамай тұрып-ақ басталды. Ал 1961 жылдан бері ғарышқа адам ұшырып келе жатқан айлақтан қазақ түгілі түбі түркінің бірде-бір перзенті ғарышқа ұшқан жоқ. КСРО ыдырайтын кезде осынау олқылықтың орнын толтыруға еліміз мықтап кірісті. Сөйтіп, 1991 жылғы қазанда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан болатын. Кейін 1994 жылы Талғат Мұсабаев зеңгір көкке самғаса, 2015 жылы Айдын Айымбетов Жердің төңірегінде ұшып жүрген халықаралық ғарыш стансасына барып қайтты. Әрине, бұл жерде Талғат Мұсабаевтың ғарышқа 3 рет ұшқанын атап өткен жөн.
Қазақстан басшылығы ғарыш саласында мол пайда да, ел дамуына септігі тиетін кешенді ғылым да жатқанын білді әрі осы бағытта нақты саясат ұстанды. Қазақстан Үкіметінің 1991 жылғы 12 тамыздағы қаулысына сәйкес елімізде Ғарыштық зерттеулер институты құрылды. Оны академик Өмірзақ Сұлтанғазин басқарды. 2005 жылы жарғылық капиталын 100 процент мемлекет өз мойнына алған «Казкосмос» ұлттық компаниясы құрылған еді. Компания 2007 жылы «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» акционерлік қоғамы болып қайта жасақталған. Сол кезден бері бұл компания елге қызмет етіп келеді.
Президент Жарлығымен 2005 жылы Қазақстанда ғарыш саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Бағдарлама жетекшілері ҚР ҰҒА-ның академигі Талғат Мұсабаев пен ҚР ҰҒА-ның мүше корреспонденті Жұмабек Жантаев болды.
Қазақстан 2000 жылдардың басында жер серігін ұшыру мақсатын алға қойды. Сөйтіп, алдымен сәтсіз де болса KazSat-1 жер серігін, одан соң KazSat-2 мен KazSat-3 жер серігін ұшырды. Жер бетінен 40 мың шақырымдай биікте орналасқан осынау екі құрылғыдан бөлек ғарышта KazEОSat-1 және KazEОSat-2, KazSTSat микро жер серігі мен KazSciSat-1 нано жер серігі ұшып жүр.
«Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның бірнеше еншілес кәсіпорны бар. Жерді қашықтан зондтау, мониторинг, аэроғарыштық түсірілімдер қатарлы қызметтер осы компанияның еншісінде. Мәселен, компания өткен жылдары 1 млн гектардан астам егіс алқабының пайдаланылмай жатқанын анықтаған. Сонымен қатар 185760 жер телімі арнайы талдаудан өтіпті. Жалпы, компания жер серіктерінің көмегімен 15 млн-ға жуық гектар жерді цифрландырған. Сөйтіп, осыншама көлемдегі жер теліміне қатысты ақпаратты жүйелеп отыр. Демек, енді ол жерлерді заңсыз басып алу, игермей қою сияқты деректер көзден тасада қалмайды. Мысалы отандық жер серігі 2019 жылы ел аумағынан заңсыз қоқыс төгілген он мыңға жуық орынды тапты. Одан бөлек, жыл сайын өрт шыққан жерлерді анықтап жатады. Әрине, санай берсе ғарышқа байланысты қызмет түрлері көп-ақ.
Отандық ғарыш нарығындағы DigitalORB, «Терра қашықтықтан зондтау және ГАЖ орталығы», «Дата+», «Надир», KazAeroSpace серіктестіктері, TerraLink компаниясы тәрізді кәсіпорындар ғарыш аппараттарының түрлі қызметін көрсетіп келеді. Одан бөлек, ғарышты зерттеу мен ғарыш қызметін ұсыну саласымен тізе қоса ІТ саласының да дамып келе жатқанын атап өту керек. Тіпті, 2016 жылы алғаш рет «аэроғарыш өнеркәсібі» дейтін термин ресми мекемелердің атауларының қатарына кірді. Сол жылы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылса, қазір ол Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ретінде қызмет етіп келеді, яғни, аэроғарыш саласы Қазақстан экономикасындағы маңызды салалардың қатарына қосылды.
Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері, осы салада еңбек етіп жатқан ғалымдар еңбегі халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалып жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Олардың еңбектері Германия, АҚШ, Ресей және басқа да мемлекеттерде рейтингттік ғылыми басылымдарда жарық көруде және өздері халықаралық конферециялар мен форумдарда баяндама жасап жүр. Мұның өзі – елімізде отандық ғарыштық ғылым базасы бар екенінің дәлелі. Біздің ғалымдардың еңбектері ғарыштық биомедицина мен биотехнология, ғарыштық геофизикалық және табиғи ресурстар мониторингтің дамуына үлес болып қосылуда. Сондай-ақ ғалымдар Жер бетінде табиғи және техногендік апаттардың пайда болуын зерттеуге арналған ғарыштық технологияны жасауға және енгізуге атсалысуда.
Жалпы, Қазақстанның ғарышты игеруге бағытталған саясаты еліміздің бұл саладағы бәсекеге қабілетін арттырып, жаңа мамандықтың пайда болуына, ел экономикасы үшін сала жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік береді. Қазір бірқатар оқу орындарында аэроғарыш саласының мамандары даярланып жатыр.
Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық. Бұл сала Жер шарындағы экономикалық дамудың, адамзатқа қажетті түрлі игіліктерді жүзеге асырудың маңызды тетігі десек те болады. Қазіргі таңда ғарышты игеруде Қазақстан белсенді іс-қимылымен ерекшеленуде, халықаралық бағдарламаларға қатысып, ғарыш технологиясын дамытуға атсалысуда.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»






