Ғарыштық ғаламат «Байқоңырдан» басталады

6

0

12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні. Бұл күн тек әлем қауымдастығы үшін ғана емес, Қазақстан үшін де тарихи һәм тағылымы терең мереке. Өйткені ол адамзат ақыл-ойының қуатын, ғылымның шексіз мүмкіндігін, арман мен батылдықтың тоғысқан сәтін айшықтайды.

1961 жылдың дәл осы күні Қызылорда жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Юрий Гагарин «Восток-1» кемесімен көк жүзіне көтеріліп, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа белесті бағындырды. Сол сәттен бастап сан ғасыр бойы қиял мен аңыздың мекені болып келген ғарыш шынайы ғылымның, нақты ізденістің және өркениет дамуы­ның жаңа кеңістігіне айналды. «Байқоңырдың» аты әлем тарихына алтын әріппен жазылды. Бұл ‒ жай ғана ғарыш айлағы емес, Жер бетіндегі тұңғыш әрі ең танымал ғарыш кешені. Адам баласының аспанға бастар жолы дәл осы қазақ даласынан ашылды десек, артық айтқандық емес. Алғашқы жасанды Жер серігі де, алғашқы адам ұшуы да, кейінгі көптеген тарихи миссия да осы мекеннен бастау алды. Қазақ «Аттың жалында, түйенің қомында жүріп тарих жасаған» дейді. «Байқоңыр» ‒ сондай тарихтың тірі куәсі.

Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның өз ғарышкері де, өз спутнигі де болған жоқ. Бірақ елдің қолында теңдессіз байлық бар еді, яғни әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағы қазақ жерінде орналасқан. Бұл бір жағынан мүмкіндік, екінші жағынан зор жауапкершілік еді. Өйткені «Байқоңыр» ‒ тек бетон мен металл емес, бұл ‒ инженерлік мектеп, ғылыми орта, технологиялық тәжірибе мен әлемдік беделдің тоғысқан жері.

Қазақтан тұңғыш ғарышкердің көкке көтерілгені де халық жадында. 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы бір адамның ғана жетістігі емес, ұлт рухын көтерген тарихи оқиға болды. Оның ізін ала 1994 жылы Талғат Мұсабаев ғарышқа жол тартып, кейін үш мәрте ұшып, Қазақстан атын халықара­лық деңгейде танытты. Ал 2015 жылы Айдын Айымбетов халықаралық ғарыш стан­сасына барып қайтты. Осылайша Қазақстан түркі әлемінде өз азаматын ғарышқа ұшырған алғашқы елге айналды.

Тоқсаныншы жылдардағы эконо­микалық қиындықтарға қарамастан, Қазақ­­стан ғарыш саласын назардан тыс қалдырған жоқ. 1994 жылы «Бай­қоңыр­ды» Ресейге жалға беру жөнінде келісім жасалып, кейін мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Бұл шешім тек экономикалық қадам емес, стратегиялық есеп болатын: Байқоңырды сақтап қалу, инфра­құрылымын жоғалтпау және оның әлемдік ғарыш кеңістігіндегі орнын ұстап тұру ел болашағы үшін маңызды еді. Бұл туралы ресми және халық­аралық дереккөздерде де айтылған.

Бүгінде кейбіреулер ғарыш саласы­ның негізгі салмағы АҚШ, Қытай және жекеменшік компанияларға ауысты деп ойлайды. Иә, заман өзгерді. Бірақ «Байқоңырдың» маңызы кеміген жоқ. Қайта оның тарихи салмағына қазіргі заманның техни­калық рөлі қосылып отыр. Бір жағында Гагариннің ізі жатса, екінші жағында жаңа аппараттар мен болашақ миссияларға дайындық жүріп жатыр. Бұл ‒ өткен мен келешек бір алаңда тоғысқан сирек мекен.

Осыны биылғы көк­тем­дегі оқи­ғалар анық дә­­лелдеп отыр. Бір жағынан, АҚШ-тың «Арте­мида-2» миссиясы адам­заттың Айға қайта оралу дәуірін бастап берді. NASA мәліметінше, 1 сәуірде ұшы­рылған бұл пилот­тық миссия ‒ соңғы жар­ты ғасырдан кейінгі Ай маңына жасалған алғаш­қы адам қатысқан сапар. Оның экипажы 6 сәуір күні Жерден ең алыс қашықтыққа жетіп, адамзат тари­хындағы жаңа рекорд орнатты. Orion кемесі Жерден 406 771 шақырымға дейін алыстады. Сондай-ақ кеме Айдың арғы бетімен ұшып өтіп, 40 минуттық байланыс үзілісін бастан кешірді. Бұл Аполлон дәуірінен кейінгі адамзаттың терең ғарышқа қайта батыл қадам басқанын білдіреді. NASA бұл миссияны Айға қайта оралу ғана емес, болашақтағы тұрақты зерттеу базалары мен Марсқа жол ашатын кезең деп сипаттап отыр.

Ал екінші жағынан, дәл осы көк­темде «Байқоңыр» өзінің өміршеңдігін тағы бір мәрте көрсетті. 22 наурызда осы айлақтан Халықаралық ғарыш стансасына жүк жеткізуге арналған «Прогресс» кемесі ұшырылды. NASA мәліметінше, жүк кемесі стансаға қажетті құрал-жабдықтар мен ма­териал­дарды жеткізу үшін сапарға ат­танған. Мұндай миссиялар сырт көзге күнделікті жұмыс болып кө­рінуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, ғарыш инфрақұры­лы­мының үздіксіз жұмыс істеуі, ғылым мен тех­но­­логияның тынысы әлі де «Байқоңырдан» со­­ғып тұрғанын көрсе­теді.

Ғарыш ‒ тек өткеннің даңқы емес, бүгінгі күннің де, ертеңнің де шындығы. Көпшілік кейде ғарышты күнделікті өмірден алыс, қол жетпес саладай қабылдайды. Алайда спутниктерсіз байланыс жоқ, интернет пен телехабар жоқ, ауа райын болжау, егін мен жер ресурстарын бақылау, тө­тенше жағдайларды анықтау, навигация мен қауіпсіздік жүйелерін басқару да мүмкін емес. Демек, ғарыш ‒ романтика ғана емес, мемлекеттің технологиялық тәуел­сіздігі мен экономикалық қауіп­сіздігінің тірегі.

Қазақстан үшін бұл саланың орны тіпті бөлек. Өйткені біздің даламызда адамзаттың аспанға жолы басталған мекен тұр. Осы тарихи мұраны тек мақ­таныш ретінде емес, ғылым, инженерия, білім және жаңа технология үшін мүмкіндік ретінде пайдалана алсақ, онда «Байқоңырдың» шын мәніндегі құны арта түседі.

12 сәуір келгенде біз әдетте Гагаринді, алғашқы зымырандарды, ескі архив кадрларын еске аламыз. Бірақ бұл күнге тек өткенге қарау үшін емес, алдағы жолды бағамдау үшін де үңілу керек. Кеше адамзат қазақ жерінен алғаш рет ғарышқа жол салды. Бүгін сол адамзат Айға қайта оралып жатыр. Ал ертең бәлкім жаңа ғарыштық серпіліс­тердің бір ұшы тағы да «Байқоңырдан» басталар. «Байқоңыр» ‒ сол биік арманның жердегі мекені.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы