Жалағаш ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Қазантаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында танымдық конференция өткізілді.
Аудан әкімі Асқарбек Есжанов ғасырлық мерейтой иесі, өз дәуірінің тамырын тап баса білген, терең әрі тұңғиық тұлға Қ.Қазантаевтың өмір тарихындағы өзгеше ұстанымын атап өтті.
– Мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Қонысбек Төрешұлы Қазантаев еңбегімен өзіне өзі ескерткіш соғып кеткен адам десек, қателеспейміз. Қоғам мүддесі, мемлекет ісі, оның ішінде кадр саясатын қалыптастырудағы зор еңбегі бүгінге дейін ел-жұрттың есінде.
Конференцияны аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов жүргізіп отырды.
Халықтың қарапайым ұлы, білікті басшы, мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Төрешұлының рухына тағзым ету, елеулі еңбегін насихаттау осы жиынның негізгі мақсаты екенін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиұлы толықтыра түсті.
Қызмет жолында талай маманды тәрбиелеп, еңбексүйгіш буын қалыптастырып, білікті кадрлар дайындаған Қонысбек Төрешұлына арнап Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шыңғыс Айбосынов «Қазантаев мектебі» кітабын жазды. Кітап авторы өз кезегінде білікті басшымен 10 жыл бірге қызмет ету бақыты бұйырғанын, халықтың жүрегінен орын алған қабырғалы азаматтың өмір жолы ұрпаққа өнегелі мектеп болып сақталатынын атап өтті. Сондай-ақ, биылғы 100 жылдық мерейтой қарсаңында «Қ.Т.Қазантаевтың кеңістігі» атты танымдық еңбегі жарық көретінінен хабардар етті.
Осынау мазмұнды іс-шараның өтуіне қолдау танытқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, аудан әкімі Асқарбек Есжановқа алғысын білдірді.
Қонысбек Қазантаев атымен аудандық мәдениет үйінің аталуы, келелі жиында айтылған естеліктер ғибратты ғұмыр иесінің ғасырлық тарихынан тағылым түюге жетелейді. Дәлірек айтқанда, жасампаз тұлғаның Жалағаш өңіріндегі дара жолының өшпейтінінің дәлелі болып қалары сөзсіз.
Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<