Ғасырлар көшіндегі қоңыр сарын

1331

0

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің Сыр өңіріне гастрольдік сапары аясындағы алғашқы концерті облыс орталығындағы Студенттер сарайында өтті. Іс-шараның ашылуында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова сөз сөйлеп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді.

Концерттен бұрын оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепберген, шығармашылық жөніндегі орынбасары Алтынбек Ахметов, қобыз тобының концертмейстері Әсел Рақымжан өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте сапар мақсаты туралы айтып берген еді.

Өнер ұжымы Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен Қармақшы, Жаңақорған аудандарында бірнеше күн бойы жұртшылықпен жүздесіп, ата-бабадан аманатқа қалған рухани құндылықтарды ел арасында дәріптейді.

– Оркестр белгілі өнер зерттеушісі Ахмет Жұбановтың қолдауымен музыкалық драма техникумы жанынан домбыра ансамблі ретінде құрылған. Содан бергі уақытта құнды қазынамызды көпшілікке кеңінен таныстырып келеді. Өнер ұжымының мерейтойын алдағы жылы кеңінен атап өту жоспарланып отыр. Атаулы шара қарсаңында еліміздің көптеген өңіріндегі өнерсүйер жұртшылықпен жүздесуге мән беріп отырмыз. Бұдан бұрын Жамбыл облысының тұрғындары оркестрдің концертіне жоғары бағасын берген еді. Бүгін Сыр халқымен жүздесуге арнайы келдік. Бұл қызылордалық көрерменмен тұңғыш жүздесуіміз емес. 2015 жылы сырбойылық көрермен бізге үлкен қолдау, оркестр мүшелері орындаған шығармаларға зор қошеметін білдірді. Араға сегіз жылдай салып, қызылордалық ағайынмен қайта жүздескенімізге қуаныштымыз, – деді оркестрдің бас дирижері.

Өнер ұжымының гастрольдік сапарына Сыр жұртшылығы ерекше қызығушылық танытты. Концерт билеті түгелдей сатылып кеткен.

– Осы жолы аудандарда жұртшылықпен жүздесеміз. Халыққа жаңа бағдарламалар ұсынуды жөн көріп отырмыз. Біз өз репертуарымызды тұрақты түрде жаңартып отыруға көңіл бөлеміз. Ұлттық өнерді дәріптеп, ата-бабадан қалған асыл мұраның туын биікте ұстаймыз. Сыр өңіріндегі талғампаз көрермен рухани құндылықтарды жоғары бағалайды. Сондықтан әрбір шығарманы өз деңгейінде орындауға мән береміз. Көпшіліктің бізге көрсеткен жылы ықыласы – өнерімізге берген бағасы деп білеміз, – деді оркестрдің шығармашылық жөніндегі орынбасары.

Оркестрдің қобыз тобының концертмейстері Әсел Рақымжан Қорқыт ата өмір сүрген өңірдің қазақ халқы тарихында алатын орны айрықша екеніне тоқталды.

– Жалпы, қобыздың тарихы Қорқыт бабамызға тікелей қатысты екені белгілі. Алаш жұртының ғасырдан ғасырға ұласқан қоңыр сарынын ұрпақтан ұрпаққа бұзбастан жеткізіп келе жатқан қасиетті құндылық халықпен бірге жасай береді, – деді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<