Ғасырлық ғұмыр ғибраты

669

0

Сурет ашық дереккөзден

Биыл – халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, майдангер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл.

Қаламгердің ғасырлық мерейтойына орай жер-жерде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұған дейін жазушының туған жеріндегі Беларан төбеде рухына бағышталып ас берілді. Алматы қаласында қазақ ПЕН клубы және Қазақстан жазушылар одағының мұрындық болуымен  халықаралық деңгейде екі бірдей ғылыми-танымдық конференция өтті. Облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан «Біздің Әбе» атты естелік кітаптың тұсауы кесіліп, тұрған үйіне тақта ілінді. Іс-шаралар 8-9 қараша күндері Аралда жалғасын тауып, қонақтар ұлы жазушының әдебиет үйіне экскурсия жасады. қазақ күресінен республикалық турнир және халықаралық суретшілер симпозиумы өтіп, шығармашылық байқау қорытындыланды.

Әбдіжәміл Кәрімұлының 100 жылдығына орай 18 желтоқсанда Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» «Әлем таныған Әбе» атты еске алу кеші ұйымдастырылмақ. Ал 19 желтоқсан күні Арал ауданында қорытынды іс-шаралар өткізіледі. Ә.Нұрпейісовтің әріптестері, ізбасарлары, шәкірттері, жалпы қазақ әдебиетінің бүгінгі көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар қатысатын іс-шаралар аясында «Балықшылар аллеясы» мұражаймен, жаңадан пайдалануға берілетін нысандармен, Ә.Нұрпейісовтің әдебиет үйімен танысу және «Құрмет кітабына» естелік жазба қалдыру рәсімдері бар. Сондай-ақ «Әбдіжәміл – феномен» атты жазушының шығармашылығы мен өмір жолына арналған көрме және суретшілер симпозиумында салынған туындыларды тамашалауға болады.

Аралдағы аудандық мәдениет үйінде «Ғасырлық ғұмыр ғибраты» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізіледі. Қаламгердің рухына бағыштап ас беру, түстен кейін «Қуатты қалам иесі» атты республикалық парасатты поэзия фестивалі және «Қан мен тер» романының желісі бойынша қойылатын спектакль қазақ әдебиетінің абызын дәріптеуге арналған іс-шараларды толықтыра түспек.