Коронавирус салдарынан болар, кейінгі жылдары ардагерлер қауымының шипажайларда дем алуы мен ем алуына тоқтам болды. Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен қайтадан көңіл аударыла бастады. Ардагерлердің қай-қайсы да облыс, аудан әкімдігінің құрметі мен марапатынан кенде емес. Бір ғана деректі айтайын.
Облыс әкімінің ұсынысымен, бір топ белгілі азаматтардың демеушілігімен жақында 140 ардагер еліміздің аймақтарындағы шипажайларда дем алып, ем алып қайтты. Нақтылай айтар болсам, Байқоңыр қаласы, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының 48 ардагері «Жаңақорған» шипажайында, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының 38 ардагері «Меркеде», Қызылорда қаласының 20 ардагері «Манкент» шипажайында демалып қайтса, қызылордалық 32 ардагер «Сарыағаш» шипажайында демалып жатыр. Осыған орай облыс басшылығына ардагерлер қауымының айтар алғысы шексіз.
Қызылордалықтар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шакизат Төребаевтың басшылығымен «Манкент» шипажайында шуақты күндер өткіздік.
«Манкент» шипажайында емдеудің минералдық және табиғи-климатты түрлерінің шексіз мүмкіндіктері ұсынылған. Бір байқағанымыз, мұнда минералды су, таңғажайып табиғат, жоғары дәрежелі мамандар мен дәрігерлер, жанға жайлы тұрмыстық жағдай, ас мәзірінің сан алуан түрі бар. Тарихи орындарға іргелес қоныстанғандықтан қазақстандықтар ғана емес, ТМД елдері тұрғындарының ең сүйікті демалыс және емдеу орнына айналған.
Тарихи деректерге жүгінер болсақ, 1922 жылы Шымкент округтік атқару кеңесі «Ақсу» ауылының аумағынан демалыс үйін ұйымдастыру үшін 225 гектар құнарлы жер бөлуге шешім шығарған. Демалыс үйінің құрылысы 1923 жылы басталып, 1924 жылы пайдалануға беріліп, бір мезгілде 70 адам демалуға мүмкіндік алады. Ал 1944 жылы мұнда бір мезгілде 120 адамға мүмкіндік жасалса, бүгінде 900-ге жуық адам демалады.
Кәсіподақтардың республикалық кеңесі «Манкентті» пансианат етіп қайта құруға қаулы қабылдап, 1984 жылдың қаңтарынан бастап жұмысына кіріседі.
– 1992 жылы шипажай ретінде жұмысын бастаған, – дейді «Манкент» шипажайы» АҚ бас директоры Х.Қорғанов, – 1994 жылы ашық акционерлік қоғам болып құрылды. Осы жылы шипажайдың ашылғанына 100 жыл толып отыр. Мұнда келушілердің дем алуы мен ем алуына барлық жағдай жасалған.
Иә, директор айтса айтқандай, мұнда ағаштың алуан түрі – қылқан жапырақты, сәндік ағаштар, ақ қайың, үйеңкі, тағы басқа да адамға сергектік сыйлайтын өсімдіктер өседі. Шипажайдың аумағы жеміс ағаштарымен көмкерілген.
«Манкент» шипажайының емдеуі, сол арқылы сауықтыруы өте ерекше. Атап айтар болсақ, минералды ваннасы, су астында душпен үзу (массаж), механикалық және қолмен үзу, булау, тағы да басқа емдеу шаралары келушілерге жайлылық сыйлайды. 1210 метр тереңдіктен шығатын минералды судың тигізер септігі орасан зор екен. Құрамында адам ағзасына қажетті көптеген компоненттер бар.
– Жүрек қызметін тексеретін, дәрі шөптер ерітіндісін тыныс жолдарына жіберетін, электрмен массаж жасайтын, балауызбен қыздыратын ем-шаралары өте тиімді, – дейді белгілі дәрігер Тұрғанбай Маханов.
– Маған, аяқ-қолға бөлек-бөлек берілетін ванналар, су бүріккіштің сан алуан түрі, сумен жасайтын массаж, қанды, зәрді, өтті, асқазанның қышқылдығын тексеріп, асқазанды, өт жолдарын жуатыны, электрлі ұйқы беретіні ерекше әсер етті, – дейді еңбек ардагері Жами Жаниязов.
Жоғарыда айтқандай, 1210 метр тереңдіктен шығатын шипалы су әсері аса жоғары екен. Судың түсі аздап сарғыштау, жағымсыз иісі не дәмі жоқ. Курортология институты зерттеулерінің қорытындысы бойынша бұл су сульфатты-хлорлы-натрийлі, минералды шипалы жылы сулар қатарына жатады. Сондай-ақ құрамында денсаулыққа аса пайдалы күкірт, натрий, йод, бром, тағы басқа да элементтері бар.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист.
Қызылорда-Манкент-Қызылорда
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<