Облыстық жастар ресурстық орталығының және №19 қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толқын Қабылшаның «Поэзия әлемінде» атты жыр кеші өтті.
Кешке ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қатира Жәленова, айтыскер ақын Серік Ыдырысов және ақын Мөлдір Айтбай қатысты.
Шығармашылық кеште алдымен Қаршыға Есімсейітова сөз сөйлеп, ақын шығармашылығына сәттілік тіледі. Одан әрі Қатира Жәленова «Сөз – қазақтың тегіне, өлең – қазақтың қанына, ал ақын – бағына біткен асылдар. Толқын Қабылшаның ең бірінші сөз киесін түсінуінің өзі, оның жай ақын емес екенін көрсетеді» деді. Сондай-ақ, кеш қонағы Индира Елубаева ақынның сөзіне жазылған «Күз кеуде» әнін шырқады.
Өз кезегінде ақынның өлеңдеріне, жарыққа шыққан кітаптарына тоқталған Серік Ыдырысов ақ батасын берді. Бүгінде ақын Толқын Қабылшаның сөзіне жазылған әндерді Мақпал Жүнісова бастаған эстрада жұлдыздары, айтулы өнер иелері шырқап, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Сондай-ақ, Толқын Қабылша сөзін жазған «Күз кеуде», «Ана», «Әйел-ғұмыр», «Асыл әке» секілді әндер қазақ сахнасында кеңінен шырқалуда.
Мұнан соң оқырмандар ақын өлеңдерін оқыды. Ал, №43 орта мектеп мұғалімі Гүлзия Жұмағалиеваның ақынға арнауын шәкірті Айтбай Көркем оқып берді. Кеш соңында ақын Толқын Қабылша сөз сөйлеп, қатысушы қонақтарға алғыс білдірді.
Айта кетейік, Толқын Қабылшаның өлеңдері бірнеше шет тілдеріне аударылып, «Қазақ заманауи поэзиясы» антологиясына еніп, түркітілдес елдердің әдебиет кеңістігінде кеңінен насихатталуда. Автордың «Жаныммен жалғыз кешкем мұң» атты кітабы 2011 жылы оқырманға жол тартса, 2016 жылы «Жаңбырдағы сағыныш» кітабының Алматыда тұсауы кесілді. «Осы бір сәт ұнайды» атты үшінші жыр жинағы мемлекеттік тапсырыс негізінде жарық көрген.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<