Ғылым һәм ғарыш

386

0

Түркияның тұңғыш ғарышкері

Жергілікті және ұлттық даму стратегиялары аясында табысты жобаларды жүзеге асырып жатқан Түркия ғарышқа алғашқы сапарын жасады.

Алғашқы түрік ғарышкері Альпер Гезеравжы 18 қаңтардан 19 қаңтарға қараған түні 00.49-да Dragon ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш станциясынан ұшты. 2018 жылы 13 желтоқсанда Түрік ғарыш агенттігінің (TUA) құрылуымен Түрияның ғылым және технология саласын дамытуды мақсат еткен технологияларының бірі ғарыштық саяхатқа маңызды серпіліс жасалған еді. Президент Режеп Тайып Ердоған 2021 жылы 9 ақпанда «Айды көргің келсе, аспанға қара» деген ұранмен Ұлттық ғарыш бағдарламасын жариялады.

Осылайша ұлттық ғарыш бағдарламасы аясындағы 10 мақсаттың ішінде түрік астронавты және ғылым миссиясы аясында бір түрік азаматын ғарышқа жіберу үшін басталған жоба сәтті аяқталды.

Түрік ғарыш агенттігі және Axiom Space-пен бірлесіп жүзеге асырылған Ax-3 миссиясына қатысқан Гезеравжы мен қасындағылар NASA-мен келісе отырып, 13 ғылыми эксперимент жүргізеді.

Түркияның тұңғыш ғарышкері Алпер Гезеравжы әлеуметтік желіде бөліскен миссиясында «Менің атым маңызды емес. Адамдар үшін маңыздысы – өз елінің болашаққа қадам басуға және аспанның шегіне емес, ғарыштың тереңдігіне армандауға дайын екенін есте ұстағаны» деп атап өтті.

Айға жете алмады

Биыл 8 қаңтарда алғаш ұшырылған Vulcan Centaur зымыраны Astrobotic Technology компаниясының Peregrine лендерін сәтті көтерген еді. Бұл NASA CLPS-1 миссиясы аясында жасалды. Лендер Айдағы Ажал көліне қонып, 28 ғылыми жүктемені, соның ішінде NASA-ның 14 жүктемесін орындап, Карнеги-Меллон университетінің 2 келілік ровері мен мексикалық бес кішкентай роботты жеткізуі тиіс болған.

Айға жолға шыққан аппаратпен байланыс орнатылып, одан қалыпты телеметриялық деректер келе бастаған. Алайда 6 сағаттан кейін Astrobotic негізгі қозғалтқыштың аномалиясы себепті лендердің Күнге бағдарлана алмай тұрғанын хабарлады. Соның кесірінен күн панелінен зарядталмаған аккумулятор қатты отырып қалды. Кейін панельді күнге бағдарлаудың сәті түсіп, лендер батареясы толық зарядталды. Бірақ қозғалтқыш жүйесінің ақауы борттағы 450 келі отынды шығындап тастаған. Frontier Aerospace компаниясы жасаған қозғалтқыш екі компоненті қосылғанда өзі тұтанатын MON-25 отынымен істейді.

Қысқасы, Peregrine Айға жете алмайтыны айқындалды. Ол Жерді айналатын созыңқы орбитаға шығады. Astrobotic NASA-мен және жүктеме иелерімен кеңесе отырып, оларды қалай пайдалану жолын қарастыруда. Алайда шамамен 40 сағаттан соң отын таусылды да, панель бағдарланбай, аккумулятор қайта сөнді.

Astrobotic-тің екінші, ірілеу Griffin лендері қарашада ұшып, Ай бетіне NASA-ның VIPER роверін жеткізуі керек еді. Бұл миссия енді шегеріледі. Ақпанға Intuitive Machines компаниясының IM-1 миссиясы жоспарланған. Бортында NASA-ның 5 жүктемесі бар Nova-C лендері Айдың Оңтүстік полюсі маңына қонуы тиіс.

Миссия кейінге шегерілді

NASA Artemis II миссиясының мерзімі 2024 жылдың соңынан 2025-тің қыркүйегіне шегерілгенін хабарлады. Жоспар бойынша биыл төрт ғарышкер мінген Orion кемесі Айды айналып қайтуы керек еді. Алайда кеме конструкциясынан табылған ақауды жөндеп, электроника блогы мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін қайтадан шешіп алу керек екен. Содан соң кемені қайта жинап, толық тесттен өткізу қажет.

Ал айға адам қондыруды мақсат еткен Artemis III миссиясы 2026 жылғы қыркүйекке ысырылды. Бірақ оның дайындығы өте төмен болғандықтан, уақыты тағы шегерілетін секілді. Астронавтарды Ай бетіне жеткізетін Starship HLS кемесін жасайтын SpaceX пен скафандр жасаушы Axiom Space компанияларына қосымша уақыт беріліп отыр.

Starship HLS кемесін Айға аттандыру үшін жермаңы орбитасындағы отын қоймасын шамамен 10 рет толтыру керегі белгілі болды, яғни, отын тасушы арнайы Старшип-танкерлер он рет ұшырылуы қажет. Орбитада отын құю тәжірибелері 2024 жылы басталып, 2025-те жалғасады. Бірақ ақпанда ұшуы мүмкін IFT-3 миссиясының жоспарында мұндай нәрсе жоқ.

Сондай-ақ Gateway аймағы стансасының бірінші PPE, HALO модульдерінің ұшырылу мерзімі жаңартылып, 2025 жылдан әрі шегеріледі.

Дайындаған:

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<