Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті.
Президент, ең алдымен, жиынға қатысушыларды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтап, бұл мереке ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
– Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздегі су тасқынына байланысты қалыптасқан қазіргі ахуалға тоқталып, осындай кезде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанына назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанда ғылымға жете мән берілмегендіктен, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алғанымызды, осының салдары енді көрініп жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды деп санайды.
– Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, жауапты министрліктерге тиісті саланы, ал әкімдіктерге аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарау міндетін жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні қолдану әлеуетіне ерекше тоқталды. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр.
Сонымен қатар Президент университеттердегі кадр тапшылығы, ғылыми жұмыстардың сапасыздығы, өндіріс орындарымен тұрақты байланыстың жолға қойылмағаны және басқа да түйткілдерді тізіп, Үкіметке жағдайды түзеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, тағы бір маңызды мәселе – еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырғанын еске салды. Бұл ретте Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамыту үшін пәрменді механизмдер әзірлеуі қажет.
Президент ғылымның кадрлық әлеуетін күшейту туралы сөз қозғай отырып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі, сапасы маңызды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында стажировкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет. Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру, ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізу, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдарын экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлау ісіне жұмылдыру, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеу, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу, әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау жөнінде тапсырма берді.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатқанын атап өтіп, бұл құжат ғылымның дамуына зор серпін беретініне сенім білдірді.
– Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, Сіздер сияқты ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы, академик Ахметқал Медеу, Назарбаев университеті жанындағы «NationalLaboratoryAstana» ғылыми мекемесінің бас директоры, профессор Дос Сарбасов, «YoungResearchersAlliance» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, PhD докторы Бейбіт Әбдікенов, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті қолданбалы механика және инженерлік графика кафедрасының меңгерушісі Айдархан Қалтаев және тағы да басқа ғалымдар сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<