Ғылым және XXI ғасыр жастары

1144

0

Қызылорда ашық университеті «Болашақ» құрылымдық бөлімінде «Ғылым және XXI ғасыр жастары» тақырыбында білім алушылардың республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияның мақсаты – білім алушыларды қазіргі ғылымның өзекті мәселелерін шешуге тарту, олардың шығармашылық белсенділігін дамытуға, зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету болып табылады. Конференция аясында 4 секция жұмыс жасап, республикамыздың түрлі оқу орындарынан 200-ден аса баяндама келіп түсті.

Республикалық конференция жұмысын «Болашақ» құрылымдық бөлімінің құрылтайшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.С. Досманбетов ашты. Барлық уақытта университеттер мәдениеттің, ғылымның және келісімнің жоғары деңгейінің символы болып, әлеуметтік өзара әрекеттесу мен білім беру қызметін атқарып келе жатқанын тілге тиек еткен, Бақберген Сәрсенұлы, университет беделінің тек білім беру процесімен емес, ғылыми-зерттеу жұмысының деңгейімен де өлшенетініне, соның ішінде студенттердің шұғылданатын жұмыстарының да маңызының ерекше екеніне көптің назарын аударды.

Жалпы конференцияға қатысу жастарға ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сынақтан өткізуге, мамандардың бағасын алуға және өздерінің ғылыми жұмыстарын одан әрі дамыту жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Ғылым жолына жаңадан бет бұрған зерттеушіге өз нәтижелерін басқа авторлардың нәтижелерімен салыстыру, олардың жетістіктерінің деңгейін сыни тұрғыдан бағалау аса маңызды. Сондықтан, конференция жұмысының жемісті әрі пайдалы болғанына сеніміміз мол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<