Ғылымға құштарлық – лайықты таңдау

731

0

Президент тапсырмасы аясында «Балалар жылында» Қызылорда қаласындағы үздік білім беру ұйымы атанған Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде жаңа обсерваториялық орталық пен балалар киностудиясы ашылды. Өткен жылы облыс әкімінің сыйақысы ретінде 34 миллион теңгенің сертификатын иеленген білім ошағы енді балалар астрономия іліміне еніп, мектеп студиясы арқылы журналистикаға бет бұра алады.

Наурыз мерекесі қарсаңында балалардың игілігіне бағытталған заманауи кабинеттердің ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, дарынды және өнертапқыш оқушылармен пікірлесті.

Аймақ басшысы мектеп-лицейінде жүзеге асырылып жатқан жаңа жобаларды көріп, мектеп оқушыларының жаратылыстану бағытындағы зерттеу жұмыстарымен танысты. Білім, өнер және спорт саласы бойынша республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген дарынды оқушылармен кездесіп, оларды ата-ана үмітін ақтап, елге, Отанға адал қызмет етуге шақырды. Сонымен қатар, естелік сый ретінде таңдаулы кітаптар топтамасын табыс етті.

Расында, мектеп-лицейде ашылған обсерватория кабинеті оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Бұл кабинетте жұмыс істеу оқушының ізденісі мен құштарлығын арттырады. Басты ерекшелігі – мұнда жайлы әрі қауіпсіз. Заманауи техникалардың жетістігін кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар. Камераларды онлайн басқару функциясы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жоғары байланыспен қамтылған интернет жүйесі арқылы құрылғыларды ұялы телефонмен де басқаруға болады. Алғашқы кезекте оқушылар жерге жақын аспан денелерін зерттеуді қолға алған. Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, алдағы уақытта бұл орталыққа аймақтағы мектеп оқушыларын  әкеліп, жаңалықтармен таныстырып, тәжірибе алмасу  жоспарланып отыр.

Жаратылыстану бағытында жабдықталған кабинеттерде оқушылар туған жер төсіндегі жануарлар мен өсімдіктерді зерттеу жұмыстарын қолға алған. Бұдан бөлек, киностудияда өнерге құштар оқушылар шығармашылықпен еңбек етіп жатыр. Алдағы Жеңіс мерекесіне орай олар «Анаға апарар жол» фильмінен үзінді түсіруге кіріскен. Ал ерекше білім алуды қажет ететін оқушыларға арналған емдік-денешынықтыру кабинеті бүгінгі таңда 90 балаға қызмет көрсетіп отыр.

Жоғарыда айтып өттік, білім ошағы 2020-2021 оқу жылының қорытындысымен «Үздік орта білім беру ұйымы» атанып, облыс әкімі тағайындаған 34 млн теңге грантты жеңіп алған еді. Міне, осы қаражат  мектеп-лицейдің материалдық-техникалық базасын нығайтып, білім сапасын көтеруге бағытталды.

Өткен жылы мектеп-лицей Жапон елінің «Шөп тамыры» бағдарламасы аясында балалар тасымалы үшін өз жобасын ұсынып, грант иегері атанған еді. Бұған байланысты 2022 жылы 18 ақпанда мектеп-лицей ұжымы жобаға қатысты барлық құжаттарды өткізіп, 28 млн теңгенің грантына ие болды. Бүгінде балалар тасымалы үшін ПАЗ-32025 көлігі алынды, екінші автокөлік алдағы уақытта алынады.

Т.Есетов атындағы  № 264 мектеп- лицейі 2010 жылы «100 мектеп,100 аурухана» мемлекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілген болатын. Мектеп-лицей жаратылыстану – математикалық бағытта білім береді. Бүгінгі күні білім ошағында 3803  оқушы бар.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<