Астана қаласында өткен «Ғарыш әлемін ашамыз» атты ғылыми жоба конкурсына республиканың түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген жастар дайындаған жұмыстарын таныстырды. Ғылыми жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының ғарыш және ақпараттық технологиялар саласындағы зияткерлік әлеуетін анықтау және дамыту.
Халықаралық ғылыми жоба конкурсына М.Шоқай атындағы №187 IT мектеп-лицейінің 10- сынып оқушылары Манзура Өсерқызы мен Нұршат Сүлеймен қатысып, жүлделі 3-орынға ие болды. Олар «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының қолдауымен «Black hole» жобасын цифрлық технология негізінде зерттеу» жұмысын қорғады.
– Дайындаған жобамыздың негізгі мақсаты – қара құрдымның құрылысы мен пайда болу тарихын, одан энергия алудың заманауи теориясы туралы зерттеулерге шолу жасау және оны цифрлық технологияны пайдалану арқылы түсіндіру. Дайындық барысында ғылыми жетекшіміз Гүлжайна Ағзаммен бірге түрлі лабораториялық әдістерді пайдаландық. Соның негізінде аталған жобаға бар күшімізді салып, халықаралық деңгейдегі сайыстан жүлделі оралдық. Еңбек пен үміттің ақталғанына қуандық. Алдағы уақытта басқа да сайыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрінеміз деп сенемін, – деді Манзура Өсерқызы.
Негізінде қара құрдым – қазіргі физика тарихында жұрттың жаппай назарын аударған тақырыптардың бірі. Фантазиялық әдебиетте, кинода, тіпті БАҚ-та қара құрдым туралы ақпараттар көп кездеседі. Бүгінге дейін оны астрономия, физика және астрофизика саласының зерттеушілері қолдап, есептеулер мен бақылау қорытындыларын жариялады. Кейіннен қара құрдымның кескінін суретке түсіру мүмкіндігі туды.
– Оқушыларым «Күн жүйесі» секциясы бойынша топтық жоба қорғады. Дайындық барысында өздеріне жүктелген міндетті ыждағаттылықпен тиянақты орындап шықты және байқау кезінде сол қабілеттерін көпшілік алдында көрсете білді. Мен оқушыларыммен мақтанамын. Бұл – әлі бастамасы. Алда мұнан да жоғары жетістіктерге жетіп, биікті бағындырады, – деді Г.Ағзам.
М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Сәуле Егізбаева оқушыларға жетекшілік жасап, Астана қаласына бірге барып қайтты.
– Балаларымыздың жүлде алғанына куә болдым. Осы жобаға дайындап, жетекшілік еткен Гүлжайна апайларына және қолдау көрсеткен «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұжымына алғысымды білдіремін. Шәкірттеріміздің тек биіктен көрінуіне тілекшімін, – деді ол.
Айта кетейік, педагогтердің облыстық тамыз кеңесінде арнайы көрме ұйымдастырылып, оқушылар өздерінің ғылыми жұмыстарын таныстырды. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурсы жүлдегерлерімен кездесіп, жарқын жетістіктерімен құттықтады. Оқушыларға облыс әкімінің Алғыс хаты және планшет табысталды.
– Тамыз кеңесінде зерттеу жұмыстарымызды облыс ұстаздарына таныстырдық. Цифрлық технологиялар мүмкін емес дүниелердің өмірге келуіне септігін тигізді. Ол дүниені жасап шығаратын білімді, идеясы мықты, білікті адамдар. Зерттеу жүргізу барысында біз көп нәрсе үйрендік. Алда басқа да сайыстарға қатысу жоспарда бар, – деді Нұршат Сүлеймен.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<