Ғылыми-зерттеу орталықтары ашылды

777

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, екі мәрте мемлекеттік сыйлық иегері Амангелді Саданов атындағы микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Салтанатты шарада университеттің Басқарма Төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан еңбегіне тоқталды.

– Аманкелді Құрбанұлы өзі білім алған қарашаңырақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің өркендеп-дамуына зор үлес қосып келеді. Оның ішінде бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ғылыми кадрлар даярлау, университетіміздің оқытушы-профессорларын тағылымдамадан өткізу, сондай-ақ «Микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығын» жабдықтап, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін қажырлы еңбек етуде, – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Аманкелді Садановтың ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша 1036 еңбегі жарық көрген. Оның ішінде 620 ғылыми мақала, 24 монография, жоғары оқу орындарына арналған 39 әдістемелік құралы мен оқулығы даярланып, 155 авторлық куәлік пен патент, тауар белгілері алынды. Ғалымның жетекшілігімен 40 ғылым кандидаты және 17 ғылым докторы дайындалып, бүгінде шәкірттері алыс-жақын шетелдерде, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде.

Сондай-ақ, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Күлбарам Сәдуақасқызы атындағы химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы ашылды.

Ашылу салтанатында Бейбіткүл Кәрімова ғалымның білім мен ғылым саласына қосқан еңбегін атап, Күлбарам Сәдуақасқызының қызы Ләззат Жарткеткенованы университеттің стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін «Қорқыт ата атындағы Алтын медальмен» марапаттады.

Күлбарам Сәдуақасқызы 1997 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Химияны оқыту әдістемесі», «Химия және экология», «Биология, география және химия» кафедраларында аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерін атқарған. 2018 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

Профессордың 110 мақаласы, халықаралық және республикалық конференциялардан 41  материалы мен тезисі,  2 патенті, білім алушылар мен мұғалімдерге арналған 21 оқу-әдістемелік құралы, авторлық құқық берілген 2  электрондық  оқулығы және 3 монографиясы жарық көрген.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<