Қазалы ауданында Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен 2004-2006 жылғы жастар арасындағы ХVІI дәстүрлі халықаралық турнир басталды.
Дүбірлі додаға Қырғызстан елінен және еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Қазақстанның өзге де облыстарынан келген 100-ге тарта балуан бозкілемде бақтарын сынауда.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, дәстүрге айналған байрақты бәсекенің бүгінгі жас ұрпақ үшін маңызы жоғары екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар туған жердің өсіп өркендеуі жолында аянбай тер төккен абзал азамат Елеу Көшербаев жайындағы естеліктерге тоқталып, қайраткердің өмір жолын жас буынға үлгі етті.
Мұнан соң облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, Қазалы ауданының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев, Қазалы ауданының құрметті азаматы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қасқырбай Әлімбай мен ұрпақтары атынан Ұлжан Көшербаева құттықтау сөз сөйлеп, жас палуандарға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, байрақты бәсеке Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өтуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<