«Гүлдер бағының» бишілері Стамбулда топ жарды

84

0

Қаладағы №7 арнайы түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілерінен  құралған «Гүлдер бағы» би тобы Түркияның Стамбул қаласында өткен «Ipek yolu» халықаралық балалар фестивалінде топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Қуанышты жаңалықты мектеп-интернат директоры Перизат Жұматова хабарлады.

Жыл сайын ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар үшін түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Мектеп-интернат оқушылары да қалыс қалмай, белсенділік танытып келеді.

Жақында ХІХ республикалық «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі өтіп, өнерлі өрендер  хореография номинациясы бойынша бақ сынап, бірінші орынды иемденді. Мұнан соң Шымкент қаласында өткен «Дарынды жұлдыздар» республикалық фестиваліне қатысып, бас жүлдені еншіледі. Осылайша Түркия еліне жолдама ұтып алды. Би тобының жетекшілері Гүлзира Кәренеева мен Шолпан Төлеп балалармен тыңғылықты жұмыс жасап, халықаралық додаға дайындады. Бастысы, еңбек ақталды. «Гүлдер бағы» би тобы үздік атанды.

– Оқушыларымыздың жетістігі – біз үшін үлкен қуаныш. Өнерлі шәкірттеріміз ұжымдағы іс-шараларда да белсенді. Түрлі байқауларға қатысып, өнерін шыңдап келеді. Жетекшілері де – еңбекқор жандар. Балалар үшін аянбай еңбек етуде. Енді оқушылар алдағы байқауға дайындалмақ.

«Гүлдер бағы» би тобының құрылғанына екі жыл болды. Топта 12 оқушы өнер көрсетеді, бәрі де дарынды. Сондықтан олардың әлі де талай белесті бағындыратынына сенім мол, – деді Перизат Алмашқызы. 

Халықаралық өнер байқауына  Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан елінен келген дарынды балалар қатысқан. Еліміздің мерейін үстем еткен балалар  ерекше өнер көрсетіп, топ жарып, Дубайға жолдама ұтты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<