Гүлсая Ержан – Азия чемпионы

41

0

Сурет ашық дереккөзден

Жерлесіміз Гүлсая Ержан  (81 келі) Таиландта өткен бокстан Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Ол финалда украиналық спортшыны айқын басымдықпен ұтты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр спортындағы сүйінші жаңалықты елге жеткізіп, былғары қолғап шеберіне тілектестігін білдірді.

«Сыр мақтанышы чемпионаттың жартылай финалында өзбекстандық Сохиба Рузметовамен күш сынасып, тамаша ойын көрсетіп, ақтық финалға жолдама алған болатын. Азияның назарын өзіне аударған байрақты додада ел намысын қорғап, үздік боксшы атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Гүлсая Ержан бұған дейін де бірнеше халықаралық, республикалық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінген еді. Мақтанышымыз – Гүлсая, Сыр спортының шежірелі тарихында есіміңіз алтын әріптермен жазылып, Қазақ елінің, Сыр өңірінің атын төрткүл дүниеге таныта беріңіз! Спорттағы жеңісті күндеріңіз көп болсын!» деп жазылған облыс әкімінің құттықтауында.

Қызылордалық жанкүйерлер Гүлсая Ержанды жақсы таниды. Ол Қазалы топырағында дүниеге келген. 2022 жылы құрлықтық додада жеңімпаз атанды. Ал Сербияда өткен халықаралық турнирде күміс медаль алды.

Сондай-ақ құрлықтық дода еліміздің әйелдер құрамасынан Гүлсаядан өзге финалға шыққан төрт боксшы да чемпион атанды. Олардың қатарында Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Наталья Богданова (70 келі) және Елдана Тәліпова (81 келі) бар.

Ал ерлер құрамасынан тоғыз боксшымыз ақтық сында өнер көрсетті. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері арасынан Махмуд Сабырхан (54 келі), Бекзат Нұрдәулетов (86 келі), Сағындық Тоғамбай (92 келі) және Айбек Оралбай (92 келіден жоғары) чемпион атанса, Санжар Ташкенбай (48 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі), Диас Молжігітов (75 келі) күміс медальді қанағат тұтты.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<